• Басты
  • Жаңалықтар
  • Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында ЕАЭО елдері нарығын контрафактілік өнімдерден қорғау туралы келісімге қол қойылды

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында ЕАЭО елдері нарығын контрафактілік өнімдерден қорғау туралы келісімге қол қойылды

9 Қыркүйек, 2015 08:37
ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Гроднода (Беларусь Республикасы) Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысты, деп хабарлады primeminister.kz.

Отырыс барысында интеграциялық процестер аясындағы бірқатар маңызды мәселелер қарастырылып, ЕАЭО-ны одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.

Отырыс қорытындылары бойынша ЕАЭО елдері нарығының контрафактілік өнімдерден қорғалуын қамтамасыз ететін зияткерлік меншік нысандары құқықтарын қорғау бойынша әрекеттерді үйлестіру туралы Келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ отырыс қатысушылары ЕАЭО аясындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады, ЕАЭО органдарының қаржылық-шаруашылық қызметін тексеруден өткізу тәртібін мақұлдады. Одақ аясында қызметтердің бірыңғай нарығын ырықтандыру жоспарларына сәйкес қалыптастырылатын қызмет секторларының тізімі талқыланды. 

Бұдан басқа, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономика және қаржы министрліктері, сондай-ақ ұлттық (орталық) банктері бірінші басшыларының қаржылық және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша өткізген кеңесінің қорытындылары шығарылды.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес аясында еуразиялық интеграцияны дамытудың маңызды мәселелері бойынша өзара тиімді шешімдерге қол жеткізілді.

 

Барлық жаңалықтар