• Басты
  • Жаңалықтар
  • Фин компаниясы ШҚО-да орман және ағаш өңдеу өнеркәсібін дамыту жобасын дайындауға қатысатын болады

Фин компаниясы ШҚО-да орман және ағаш өңдеу өнеркәсібін дамыту жобасын дайындауға қатысатын болады

8 Қыркүйек, 2015 17:28
Финляндияның «ПеуериРус» ЖШҚ консалтинг компаниясы, Шығыс Қазақстан облысының орман өнеркәсібі кешенін жаңа дәрежеге көтеретін жобаны әзірлемек, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысында 2015-2020 жылдары орман және ағаш өңдеу өнеркәсібін дамыту іс-шаралары жоспарының жобасымен айналысып жатқан жұмыс тобының отырысын өткізді.

Аталмыш жұмыс ағымдағы жылдың сәуір айында басталған. Мұндай құжатты дайындау қажеттілігі, ағаш дайындау көлемі мен өңдеу дәрежесінің төмендігінен туындап отыр.

Сараптамаға сәйкес, Шығыс Қазақстанда жыл сайын 1 млн. куб. м дейін ағаш дайындауға болады. Ал, нақтысында 200 мың. куб.м. жуық дайындалады. Мемлекет бойынша ағаш өңдеу өнімінің экспорты $5,5 млн құраса, импорт $500 млн құрайды. ШҚО-да орналасқан кедендік пункттер арқылы жыл сайын $10 млн-ға жуық өнім енгізілсе, тек $400 мың эскпортқа шығарылады.  Осы бағытта орын алған жағдайға байланысты, бұл беталыс әлі де жалғаса беретін болады. Бүгінде бар ағаш өңдеу өнеркәсіптерінің әлеуеті төмен. Сондай-ақ, мамандардың айтуы бойынша облысымызда ағашты терең өңдейтін кәсіпорындар жоқ, немесе ағаш дайындау кәсіпорындарының материалды-техникалық негіздері төмен.

Осыған байланысты облыс әкімі тиісті мемлекеттік мекемелерге ағаш өңдеу өнеркәсібін орналастыру бойынша, көліктік логистика мен жер ресурстарына, инфрақұрылымына сараптама жасап, ұсыныс жасау жөнінде тапсырма берді.

Сонымен қатар, жұмыс тобының мүшелері аймақтардың ағаш өнеркәсібі кешендерінің жағдайын жақсартуға бағытталған, аталған жобаның негізі болатын ұсыныстар дайындады. Сондай-ақ, мамандар әрекеттегі орман заңнамасына және басқа да нормативті-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу туралы бастама көтеруді, соның ішінде орман ресурстарын бекіту тәртібін енгізу мәселелері, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға қолдау көрсетіп, ағашты дайындау және өңдеу шығындарын азайту туралы айтты.

Консалтингтік компания аталмыш жобаны әзірлеуді келесі аптадан бастайды, және екі айдың ішінде аяқтауды жоспарлап отыр. Айта кету керек, «ПеуериРус» ЖШҚ орман өнеркәсібі мәселелерінде консалтингтік қызмет көрсетуде тәжірибесі мол. Аталмыш компания ТМД елдерінде 1991 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Ол орман өнеркәсібі және химиялық өнеркәсіп, жаңа технологиялар саласында 300-ден астам жоба әзірлеген.  

 

Барлық жаңалықтар