• Басты
  • Жаңалықтар
  • Мәжілісте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру заң жобасы таныстырылды

Мәжілісте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру заң жобасы таныстырылды

7 Қыркүйек, 2015 12:43
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мемлекеттің, жұмыс беруші мен азаматтардың денсаулық сақтау бойынша ортақ жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң жобасының таныстырлуы барысында айтты.

«Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мемлекеттің, жұмыс беруші мен азаматтардың денсаулық сақтау бойынша ортақ жауапкершілігін қамтамасыз етумен қатар, бірінші кезекте алғашқы медико-санитарлық көмекті, жеке медицинаны дамыту, медициналық ұйымдар арасындағы бәсекелестікті күшейтудің негізінде медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттырады. Сондай-ақ, әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорын құру бейресми төлемдер деңгейін төмендетуге ықпал етеді», - Т.Дүйсенова.

Министр атап өткендей, заң жобасын дайындау барысында үздік халықаралық тәжірибе мен әлеуметтік әділеттілік қағидалары қолданылды.

«Біріншісі – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді болмақ. Пакеттің құрамына жедел-жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды ауруларға, сондай-ақ шұғыл жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек кіреді. 2020 жылға дейін өзін өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған тұрғындарға республикалық бюджеттің есебінен амбулаторлық-дәрілік қамтамасыз етілетін  амбулаторлық-емханалық көмек көрсету қарастырылған», - деді министр.

Екіншісі – қайтадан құрылатын медициналық сақтандыру Қоры ұсынатын сақтандыру пакеті.

«Оған абулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызды ауруларды есептемегенде), стационарлық көмекті алмастыратын көмек (әлеуметтік маңызды ауруларды есептемегенде), қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, паллиативтік көмек және мейірбикелік қарау мен жоғарғы технологиялық көмек кіреді», - деді Т.Дүйсенова.

Аталмыш пакетті алу құқығы жарнасы төленген ҚР азаматтарына, ҚР аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға беріледі.

Сонымен қатар, аталған пакеттерге қосымша, ерікті сақтандыруға қатысқан азаматтар медициналық қызметтерді келісім негізінде ала алатын болады.

Анар Тәңірқұлова

Барлық жаңалықтар