Польшалық инвесторлар ШҚО-да құс фабрикасын салуға мүдделі

4 Қыркүйек, 2015 10:37
Облыс әкімі Польшаның «Konspol» холдингінің бас директорымен кездесу өткізді.Кездесу барысында Үржар ауданында салынатын құс фабрикасының құрылысына Поляк компаниясының қатысу мәселесі талқыланды, деп хабарлады ШҚО ақпараттық орталығы.

Польша Республикасының  «Konspol» холдингінің басшысы Конрад Позганмен кездесу барысында, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов аталмыш жоба турасында толығырақ айтып берді. 

«Құс нарығының Қазақстандағы әлеуеті өте зор. Қазақстанға жыл сайын АҚШ-тан 140 мың тоннаал, Ресей және Беларусия елдерінен 30-40 мың тоннаға жуық құс еті тасымалданады. Біз аймағымызда жалпы күші 30 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасын салғымыз келеді.Нарықтың дәл осы бөлігін өз өнімдерімізбен толтырсақ дейміз. Біз бұл жобаны міндетті түрде жүзеге асырамыз, өйткені біз үшін бұл өте маңызды. Жобаны тиімді жүзеге асыру мақсатында облысымыздың аудандарының бірінен құнарлы жерлер бөлудеміз», - деді облыс әкімі.

Қазіргі күні кез-келген қаржы институтына көрсетуге болатындай, бизнес жоспар әзірленген. Аталмыш құжат барлық халықаралық талаптарға сай. Бизнес-жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстарына кететін шығындардың басым көпшілігін инвесторлар өз мойнына алулары керек, ал мемлекет «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы құрылтайшылар қатарына енеді. 

Өз кезегінде Конрад Пазган өздерінің компанияларының ет өндіру мәселесінде мол тәжірибелері бар екендігін айтып, жобаға аса үлкен қызығушылық танытатындарын жеткізді. 

«Қазір біздің компания Польшадағы ең ірі кәсіпорындардың бірі. Біз айына 12 мың тонна, ал жылына 150 мың тоннаға дейін ет өндіреміз. Біз өз өнімдерімізді Германия, Франция, Италия, Испания, Ұлыбритания және Жапония елдеріне тасымалдаймыз. Қазіргі күні біз бизнесімізді ұлғайту мақсатында жаңа орындар іздестірудеміз. Сонымен қатар болашақта, Қазақстаннан басқа Ресей және Қытай елдеріне де өз өнімдерімізді тасымалдайтын боламыз», - деді Поляк кәсіпкері. 

Конрад Позганның айтуы бойынша, олар жалпы күші жылына 30 мың тонна ғана емес, одан да көп өнімді қамтитын құс фабрикасын салу мүмкіндігін қарастыруға дайын. Екі жақ аталмыш жобаға Поляк бизнесмендерінің қатысу шарттарын талқылауға дайын. Егер де келісімшартқа қол қойылған жағдайда, жаңа құс фабрикасының ашылуы Үржар ауданында қосымша 1500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.  

 

 

 

Барлық жаңалықтар