Семейде республикалық Абай оқулары өтеді

3 Қыркүйек, 2015 17:09
Семей қаласында және «Абай-Шәкәрім» мұражай кешенінде (Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы) еліміздің мектеп оқушылары арасында XVI Республикалық Абай оқулары және I Республикалық жыршылар байқауы өтеді, деп хабарлады ҚР БҒМ.

Іс-шараның бастамашысы - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі.Аталған Іс-шараларға облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жалпы білім беретін мектептерінің, дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттардың 5-11 сынып оқушылары -  Абай оқуларының және жыршылар байқауының өңірлік кезеңдерінің жеңімпаздары  қатысады.

 Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған«Туады ерлер Ел үшін...»  І Республикалық қазақ батырлық эпосы жыршыларының байқауы 9-10 қыркүйекте өтеді. Байқаудың салтанатты ашылуы Семей қаласының Мәдениет үйінде өткізіледі. Қатысушылар екі номинацияда: «Қайратты туған ер еді...» - қазақ батырлық эпостарын жатқа орындау сайысында және «Алатаудай айбатың, Ер екенсің айтулы» - қазақ батырлар жыры бойынша білім сайысында  бақ сынасады.

Ұлы ойшылдың 170 жылдығына арналған XVI Республикалық Абай оқулары 10-11 қыркүйекте өтеді. Абай оқуларының салтанатты ашылуы Абай ауданы орталығының (Қарауыл селосы)  Мәдениет үйінде өтеді. Абай оқулары үш номинацияға бөлінген: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» - Абай мен Шәкәрімнің шығармаларын жатқа оқу байқауы; «Көңілім әнді ұғады» - Абай мен Шәкәрімнің әндері мен күйлерін орындау; «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» - жас дарындар байқауы.

Жеңімпаздар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, мақтау қағаздарымен және сертификаттармен, сонымен қатар арнайы жүлделермен марапатталады. Аталған іс-шаралар аясында оқушылар Абай ауданындағы тарихи орындармен: М.Әуезовтың туған ауылындағы мұражай-үйімен, Абайдың Жидебайдағы мұражай-үйімен танысады. Олар үшін Еңлік-Кебектің ескерткішінде, Шілікті кезеңінде, Үңгіртаста театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады.

 

Барлық жаңалықтар