• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР Сенаты Италиямен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және тұлғаларды беру туралы келісімдерді ратификациялады

ҚР Сенаты Италиямен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және тұлғаларды беру туралы келісімдерді ратификациялады

3 Қыркүйек, 2015 11:47
ҚР Парламенті Сенатының пленарлы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы тұлғаларды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдарды қабылдады. Заңдар Елбасына қол қоюға жіберілді.

Келісім қылмыспен күресуде ынтымақтастықты нығайтуға, екі елдің өкілетті органдары арасындағы тұлғаларды беру бойынша қарым-қатынасты және өзара құқықтық көмек көрсетуді реттеуге бағытталған.

«Егер Қазақстанда қылмыс жасаған тұлға Италияда жасырынатын болса, онда аталмыш елдің құқықорғаушылары оны тұтқындап бізге бере алады. Яғни экстрадициялай алады. Өз кезегінде Қазақстанда осындай міндеттемелерді өз мойнына алып отыр. Әрине кейбір жағдайда тараптар құқықтық көмек көрсетуден бас тартуға құқылы. Нақты негіздемелер Келісімде келісілген», - деді ҚР бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов Сенаттың пленарлы отырысында.

Аталып өткендей, бүгінде Қазақстан мұндай келісімге 14 мемлекетпен отырды, тағы 28 мемлекетпен келіссөздер жүргізілуде.

Анар Тәңірқұлова

Барлық жаңалықтар