• Басты
  • Жаңалықтар
  • Жоғарғы Сотта БҰҰДБ өкілдерімен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі талқыланды

Жоғарғы Сотта БҰҰДБ өкілдерімен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі талқыланды

3 Қыркүйек, 2015 09:47
Жоғарғы Сотта Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі Департамент басшысы І.С. Испановтың Қазақстандағы БҰҰДБ тобының басшысы Д. Маккелимен кездесуі өтті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

 «Тараптар БҰҰ Даму бағдарламасының 2012-2014 жылдарға арналған «Қазақстанға медиация институтын енгізу» жобасын іске асыру қорытындысын талқылады. Мәселен, елімізде аталған жылдар ішінде 240 медиатор оқытылып, 53 жаттықтырушы даярланған. Тұрғындар арасында медиация институтын насихаттауға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, халықаралық конференциялар, өңірлік семинарлар, дөңгелек үстелдер және т.б. Медиация туралы деректі фильм мен роликтер түсіріліп, олар республикалық телеарналардың эфирі арқылы көрсетілді», - делінген хабарламада.

Кездесу барысында 2014-2016 жылдарға арналған «Сот мониторингі жүйесін жетілдіру» бірлескен жобасын іске асырудың тәжірибелік мәселелері талқыланды. 

Аталған жоба айқындықты арттыру, қоғамдық бақылауды күшейту, судьялар мен сот органдары басшыларының кәсіби деңгейін нығайту арқылы сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейтуге ықпал ететін болады.

Жобаны іске асыру сот қызметіне мониторинг және судьяларды оқыту бағыттары бойынша жүзеге асырылатын болады. 

Бірінші бағыт бойынша ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында БҰҰДБ-ның Қазақстандағы өкілдігі тәуелсіз әлеуметтік сауалнама жүргізді. 

Зерттеу халықаралық сарапшылардың, соның ішінде ғылым докторы, соттардың қызметін бағалау жөніндегі Халықаралық консорциум кеңесшісі Пим Альберстің ұсынымдарына сәйкес жүргізілді. 12 мыңнан астам респондентке сұрау салынған. 

БҰҰДБ-ның мемлекеттік басқару сапасын арттыру саласындағы өзге де жобаларымен үйлесімділікті қамтамасыз ету мақсатында жергілікті соттардың қызметкерлері де мемлекеттік органдар мен олар ұсынатын қызметтің тиімділігін бағалау әдістемесі, соның ішінде жаңа заңнамалық актілер мен реформалар бойынша оқудан өтетін болады.

Аталған іс-шаралар сот төрелігін жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға және жұртшылықтың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға бағытталған. 

Барлық жаңалықтар