• Басты
  • Жаңалықтар
  • Н.Назарбаев ҚХР-да Жеңістің 70 жылдығына арналған парадты өткізудің маңыздылығын атап өтті

Н.Назарбаев ҚХР-да Жеңістің 70 жылдығына арналған парадты өткізудің маңыздылығын атап өтті

2 Қыркүйек, 2015 17:54
Қытайдың Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске қосқан үлесіне баға жетпейді. Қытай халқы көрсеткен төзімділік пен қайсарлық – қаһармандық пен ерліктің, батылдық пен патриотизмнің керемет үлгісі, деді Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті жанындағы Орталық партия мектебінде.

«Қытайдың Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске қосқан үлесіне баға жетпейді. Қытай халқы көрсеткен төзімділік пен қайсарлық – қаһармандық пен ерліктің, батылдық пен патриотизмнің керемет үлгісі. ХХ ғасырдағы ең қанқұйлы соғысқа Қазақстанда да халықтың 25 пайызы жұмылдырылды. Олардың көпшілігі майдан шебінен оралмады. Солардың қатарында қытай жерінде жан тапсырғандары да бар», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті дәріс оқу үшін ҚКП Орталық партия мектебіне кездейсоқ таңдау жасамағанын атап көрсетті.

«Мұндағы бүгінгі тыңдаушылар – Қытай компартиясының ертеңгі бағытын ұстанушылар. Сіздер – «қытай арманын» жүзеге асыру және ұлтты жаңғырту жолындағы алдыңғы лектің өкілісіздер. Өйткені «Қытай өрлеуі» деп аталған ХХІ ғасырдағы бірегей құбылысты біз бірінші кезекте бүкіл өңірдің дамуы үшін қажетті мүмкіндік ретінде қарастырамыз,» – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде елдеріміздің көптеген халықаралық мәселелер бойынша ұстанымы ортақ екеніне назар аудара отырып, Ядролық қарусыз аймақ туралы шартқа қатысушы Орталық Азиядағы мемлекеттерге сөзсіз негативті кепілдік бергені үшін Қытайға алғыс айтты.

 

Барлық жаңалықтар