Павлодар облысында 600 орындық жаңа мектеп ашылды

2 Қыркүйек, 2015 08:37
Кенжекөл ауылында Білім күні 600 орындық жаңа мектеп өз есігін айқара ашты, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Бірінші қыркүйек күні өткен салтанатты шараға Павлодар өңірінің басшысы Қанат Бозымбаев қатысты.

«Кенжекөл сынды болашағы жарқын ауылда жаңа мектептің ашылуы – айтулы оқиға. Оқушылар Білім күнін жаңа мектепте қарсы алып отыр. Білім беру саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында білім беру ұйымдарының желісі күн санап дамып келеді. Аймағымызда соңғы екі жылда 7 мектеп салынуда, олардың бесеуі пайдалануға берілді. Білім беру саласын қаржыландыру көлемі жыл сайын артып отыр. Атап айтқанда, былтырғы жылы қаржыландыру көлемі 44,7 млрд. теңгені құраса, биыл - 50 млрд. теңге»,- деді облыс әкімі өз сөзінде.

Жаңа мектепте 30 оқу кабинеті, психологиялық көмек және логопед кабинеттері, металл және ағаш өңдеуге арналған біріктірілген шеберхана, мата өңдеу және технология кабинеті, 200 орындық асхана, 180 орындық мәжіліс залы, спорт залы, 24 орындық оқу залы бар кітапхана орналасқан.

Бүгінде Кенжекөл ауылы облысымыздың келешегі кемел елді мекендерінің бірі болып табылады. Онда 7 мыңнан астам тұрғын, 900-ге жуық мектеп оқушысы тұрады.

Сонымен қатар, бүгін Ертіс ауданында мемлекеттік тілде оқытатын жаңа 100 орындық Бірлік негізгі жалпы орта білім беру мектебі салтанатты жағдайда ашылды.  

Аймақ басшысы Қ.Бозымбаев оқушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан «Менің Отаным – Қазақстан!» атты кітапты сыйға тартты.

 

Барлық жаңалықтар