• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қ.Жақыпов Парламенттің бесінші сессиясы ашылғандығы туралы мәлімдеді (ФОТО)

Қ.Жақыпов Парламенттің бесінші сессиясы ашылғандығы туралы мәлімдеді (ФОТО)

1 Қыркүйек, 2015 11:51
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті, деп хабарлады Мәжіліс.

Күн тәртібінде бір ғана сұрақ қаралды. Ол - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші сессиясының ашылуы туралы.

Елбасының мемлекеттік сапармен Қытай Халық Республикасында жүруіне байланысты «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің берген тапсырмасы бойынша бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші сессиясын Мәжіліс Төрағасы ашты.

Сессияның ашылуы ресми жарияланғаннан кейін еліміздің әнұраны орындалды.

«Қазіргі таңда біздің алдымызда Елбасының тапсырмаларын орындау жөніндегі орасан зор, қауырт әрі жауапты жұмыс тұр. Бұл бізден, құрметті әріптестер, қай кездегідей Парламенттің қос Палатасының Мәжіліс пен Сенаттың үйлесімді, бірлескен және ұйымшыл жұмысын, әрқайсымыздан зор жауапкершілік пен жоғары кәсібилікті талап етеді. Осы жұмыста  баршаңызға сәттілік тілеймін»,-деді  Қ.Жақыпов.

Бірлескен отырысқа Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Мемлекеттік хатшысы, Президент Әкімшілігінің Басшысы, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың және Орталық сайлау комиссиясының төрағалары, Үкімет мүшелері, Республика Президентіне  тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент Палаталары аппараттарының жауапты қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 

Барлық жаңалықтар