• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қызылордадағы ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне үш ауданнан 800 тонна өнім әкелінді (ФОТО)

Қызылордадағы ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне үш ауданнан 800 тонна өнім әкелінді (ФОТО)

31 Тамыз, 2015 16:02
Қызылорда облысының орталығына Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарынан 800 тоннадан астам ауыл шаруашылық өнімдері әкелінді. Нарық бағасынан 15-20 пайызға арзан, деп жергілікті әкімдіктен хабарлады.

Аталып өткендей, Титов мөлтек ауданында Сырдария ауданының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі жайылды. Сырдариялықтар арзан бағада қала тұрғындарына көкөніс, бақша, ет, балық және сүт өнімдерін ұсынды. Айта кетейік, жәрмеңкеге биылғы егістің өнімдері әкелінді. Таңменен халықтың да көп жиналғаны сондықтан.

«Жаңақорғандықтар «Тағзым алаңында» тұрғындарға сапалы өнім ұсынды. Аудан шаруашылықтары қаланың әлеуметтік жағдайы төмен 30 отбасына ауыл шаруашылық азығын көмек ретінде тегін берді», - делінген хабарламада.

Тасбөгет кентіндегі жәрмекенің шырайын шиеліліктер кіргізді. Әсіресе, мұнда қауын-қарбызға сұраныс жоғары болды. Картоп, жуа, сәбіз секілді өнімдерді «қыс қамын жаз ойлаған» тұрғандар таласа алды.

«Жәрмеңке жылда дәстүрлі түрде өткізілетіндіктен асыға күтеміз. Арзан бағада өзімізге қажетті өнімдерімізді аламыз. Бұл екі тарап үшін қолайлы дер едім. Шаруашылықтар жыл бойғы еңбегін саудалауға мүмкіндік алса, біз табиғи өнімге алып-сатарларсыз қол жеткіземіз», - деді қала тұрғыны Жақсылық Тәуекенов.

Айта кетейік, енді жәрмеңке әр жексенбі сайын желтоқсан айына дейін тұрақты ұйымдастырылатын болады.

Барлық жаңалықтар