• Басты
  • Жаңалықтар
  • Алматыда арнайы техникалар көшелерді санитарлық жағдайда ұстаудың негізгі жұмыстарын түнгі мезгілде жүргізетін болады

Алматыда арнайы техникалар көшелерді санитарлық жағдайда ұстаудың негізгі жұмыстарын түнгі мезгілде жүргізетін болады

27 Тамыз, 2015 10:21
Алматы әкімінің өкімімен қала көшелерін арнайы техникалардан арылту және олардың көлік «кептелістеріне» әсер етуін болдырмау мақсатында жазғы 423 арнайы техника бірлігінің жұмысы түнгі кестеге ауыстырылды, деп хабарлады қала әкімдігі.

Көшелерді сумен тазартатын автомашиналар бекітілген кесте бойынша «қарбалас сәттерде» (таңғы, күндізгі және кешкі уақытта) жолдардың жиектерін ғана жуып өтеді.

ҚР Еңбек Кодексінің 129 бабына сәйкес, түнгі мезгілде атқарылған жұмыс үшін төленетін еңбекақы жұмысшының күндізгі жалақысының тең жартысынан кем болмауы тиіс. Осыған орай, күндізгі мезгілден түнге ауыстырылған жол тазалайтын жұмысшылардың, жүргізушілердің, механизаторлардың жалақы қоры 50 пайызға артады.

Атап өтерлік жайт, қалада қыс мезгілінде де көше мен жолдарды тазалайтын арнайы техникалардың негізгі жұмыстарын түнгі кезекке ауыстыру жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, қала көшелері мен тротуарларды тазалау жұмыстарымен 18 мердігерлік ұйым айналысады, олардың балансында 860 арнайы техника бірлігі бар, жаз мезгілінде 660 техника бірлігі жұмыспен қамтылған. Қала көшелерін тазалаумен 1500-ден астам адам айналысады, ал қыс кезінде олардың саны 2000 адамға артады.

 

 

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар