ҚР Ұлттық банкі «Абай» ескерткіш монеталарын айналысқа шығарды

14 Тамыз, 2015 10:18
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2015 жылғы 14 тамыздан бастап «Банкноталардағы портреттер» монеталар сериясынан «Абай» ескерткіш монеталарын айналысқа шығарады, деп хабарлады ҚР Ұлттық банктың баспасөз қызметі.

Аталып өткендей, монеталар номиналдық құны 500 теңгелік, «рroоf» сапалы алтыннан және күмістен және номиналдық құны 50 теңгелік нейзильбер қоспасынан жасалынған. Алтыннан, күмістен және нейзильбер қоспасынан жасалған монеталардың бет және сырт жақтарындағы бейнелер бірдей. «Рroof» сапалы алтын және күміс монеталардағы бейне жылтыр бетке салынған.

Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін сан, алтын және күміс монетада «500», нейзильбер қоспасынан жасалған монетада «50» және «ТЕҢГЕ» деген жазу бар. Сол және оң жақ бөлігінде ұлттық ою-өрнек элементі бір деңгейде бейнеленген, айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және орыс тілінде «РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН» деген жазу бар. Жоғарғы бөлікте Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі орналасқан. Айналдыра шығыңқы жиек.

Монеталардың сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде қазақтың ағартушысы Абайдың портреті орналасқан 20 теңгелік банкноттың бет жағының бір бөлігі бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «АБАЙ» деген жазу, соғылған жылын білдіретін «2015» деген сан және банкноттан алынған графикалық элементтер бар. Жоғарғы бөлігінде монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін жазу, алтын монетада «Au 999 7,78 g», күміс монетада «Ag 925 31,1 g» бар. Айналдыра шығыңқы жиек.

Монеталар: 1) 999 сынамды алтыннан жасалған, массасы – 7,78 грамм, диаметрі – 21,87 мм, дайындау сапасы – «proof», таралымы – 1 мың дана; 2) 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – «proof», таралымы – 3 мың дана; 3) нейзильбер қоспасынан жасалған, диаметрі – 31 мм, массасы – 11,17 грамм, таралымы – 100 мың дана, -делінген хабарламда.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 2015 жылы қазақтың ағартушысы әрі ойшылы Абай Құнанбаевтың 170 жылдығы аталып өтуде. 

Барлық жаңалықтар