Спорт күні Астанада жарыстар, эстафеталар мен шеберлік сыныптары өтеді

13 Тамыз, 2015 20:19
Үш күн бойы Астана қаласында Спорт күнін атап өту аясында қала тұрғындары мен қонақтары үшін түрлі бұқаралық спорт түрлерінен жарыстар мен қызықты эстафеталар, шеберлік сағаттары өткізіледі, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Тамыздың 14 күні таңертең "Толқын" спорт кешенінде 2002-2003 жж туылған жасөспірімдер арасында бокстан турнир өтсе, "Барыс" спорт кешенінде шайбалы хоккейден балалар мен жасөспірімдер арасында көрсетілім ойыны ұйымдастырылады.

Ал, "Ғашықтар" саябағында түрлі спортты шаралар өткізілмек. Атап айтқанда, тұрғындар гір көтеру, қол күрес, асық ату секілді спорт түрлерінен күш сынаса алады. Ал, жекпе-жек өнерін ұнататын елордалықтар Киокушинкай-кан каратэ, каратэ-до және қол жекпе-жегінен өткізілетін көрсетілімдерді тамашалай алады.

«Тамыздың 15 күні де спорттық шаралар көптеп ұйымдастырылады. Таңертеңнен бастап "Барыс" спорт кешенінде барлық қала тұрғындары коньки тебе алады. Спорт кешені алдындағы алаңда пауэрлифтинг, стритбол, гір көтеру, қол күресі түрлерінен жарыстар өткізіледі. "Елордалық" саябақта жастардың қатысуымен «Fitness Palace Astana» бойынша шеберлік сағаттары өтеді. Ал, "Жерұйық" саябағында көркем гимнастика бойынша көрсетілімдер, "Ататүрік" саябағында дартс бойынша сайыс, ал, "Арай" саябағында бокстан жарыс ұйымдастырылады», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда спорт Күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығына сәйкес 2003 жылдың 15 қарашасынан бастап аталып өтуде.

Барлық жаңалықтар