• Басты
  • Жаңалықтар
  • Астанада 2015 жылдың соңына дейін жылу жүйелері 500 млн теңгеден астам қаржыға жаңғыртылады

Астанада 2015 жылдың соңына дейін жылу жүйелері 500 млн теңгеден астам қаржыға жаңғыртылады

13 Тамыз, 2015 14:31
«Астана -Теплотранзит»АҚ елорданың жылу жүйесін ағымдағы жылдың соңына дейін 500 млн теңгеден астам қаржыға жаңғыртады. Бұл туралы инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына арналған баспасөз-турында белгілі болды.

Инвестициялық бағдарлама 3 жыл мерзімге жалпы сомасы 3 457 544 мың теңгеге жасақталған. Инвестицияның басымдылық берілген бағыттары қаланың жылу жүйесін дамыту, тозығы жеткендерін ауыстыру, жылу энергиясын тасымалдау барысында шығынға ұшырамау үшін жағдай жасау болып табылады.

«Сонымен, өткен жылы біз нормативті шығындарды 13,3%-ға дейін төмендеттік, салыстырмалы тұрғыда айтатын болсақ ол республика бойынша 19,6%, яғни біздің көрсеткіш еліміз бойынша үздіктердің қатарында», - деді ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды ретту және бәсекелестікті қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы Марат Мұстафин.

Сонымен қатар, департамент басшысы атап өткендей, егер еліміз бойынша өткен жылы тозығы жеткен жылу жүйесі 70% құраса, Астанада бұл көрсеткіш 59% болды.

Айта кетерлік жайт, 2015 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша жоспар 1 млрд 210 млн 407 мың теңге болғанымен, инвестициялық бағдарлама  521 млн 642 мың теңгеге (43%) орындалды. Баспасөз турын ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл соңына дейін Астанада 533 млн 933 мың теңгеге жылу жүйесі жаңғыртылып, 154 млн 832 мың теңгеге жаңа құрал-жабдық сатып алынады деп жоспарланған.

Үш жылдық инвестициялық бағдарламаның нәтижесі бойынша «Астана -Теплотранзит»АҚ жылу шығыны 1,3%-ға, жылу желісінің тозуы 1%-ға төмендейді деп күтіп отыр.

Индира Кауметова

Барлық жаңалықтар