• Басты
  • Жаңалықтар
  • Камбоджа ЕАЭО-мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі – ҚР СІМ

Камбоджа ЕАЭО-мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі – ҚР СІМ

13 Тамыз, 2015 13:09
Қазақстан Республикасы Президентінің Арнайы өкілі, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов Камбоджа Корольдігінде болды және елдің Сыртқы істер министрлігінің және халықаралық ынтымақтастығының Мемлекеттік хатшысы Оуч Боритхомен кездесті.

Кездесу барысында А.Мусинов 2017-2018 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігі лауазымына Қазақстанның кандидатурасын қолдауға қатысты ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Камбоджа Премьер-министрі Хун Сенге хатын сұхбаттасушыға тапсырды, деп хабарлады ҚР СІМ.

«Арнайы өкіл өңірлік және халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудағы Қазақстанның үлесі туралы, оның ішінде ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау туралы, сондай-ақ көпжақты дипломатия саласындағы елдің белсенді қызметі туралы Камбоджа сыртқы саясат ведомствосының Мемлекеттік хатшысына ақпарат берді», - делінген хабарламада.

О. Боритх Ел Президентінің Арнайы өкілін жіберу Қазақстан ой-ниетінің байсалдылығы туралы куәландыратынын атап өтті және аталған хат жедел түрде ел басшылығына жеткізілетініне сендірді.

Тараптар Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) шеңберіндегі ынтымақтастық туралы пікірлер алмасты, АӨСШК негізінде жаңа халықаралық ұйым құру туралы Қазақстанның бастамасын талқылады.

Камбоджалық тарап Еуразиялық экономикалық одақпен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және ЕАЭО елдерімен еркін сауда аймағын құруға мүдделілік білдірді.

Аталып өткендей, тараптар жоғары деңгейдегі сапарларды ұйымдастыру, сімаралық консультациялар тетігін құруға және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында негізге алынатын екіжақты құжаттарға қол қою мүмкіндігін қарауға келісті.

Кездесуде сондай-ақ Камбоджа басшылығының және компанияларының Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысу мәселесі талқыланды.

Барлық жаңалықтар