• Басты
  • Н. Назарбаев БҚО-ның өндіріс ошақтарын аралап, жұртшылықпен кездесті
24 Қазан, 2013 09:51

Н. Назарбаев БҚО-ның өндіріс ошақтарын аралап, жұртшылықпен кездесті

Кеше, 23 қазан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Стекло-Сервис» ЖШС-да болды және Батыс Қазақстан облысының жұртшылық өкілдерімен кездесу өткізді, деп Ақорданың баспасөз қызметі.
Н. Назарбаев  БҚО-ның  өндіріс ошақтарын  аралап, жұртшылықпен кездесті

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік-экономикалық даму және тұрғындарды жұмыспен қамту жөніндегі аса маңызды мәселелерді шешу жайына назар аударды.

«Шағын және орта бизнес пен шағын несиелеуді дамыту жөніндегі бағдарламаларды орындауды жалғастыру қажет. Бұл – біз үшін негізгі мәселе. Халықаралық тәжірибе оның жұмыспен қамту ісіндегі маңыздылығына айқын дәлел. Бұл үшін тұрғындармен жұмыс жүргізіп, аталған бағдарламалардың қажеттігін түсіндіру керек. Облыста бұл бағыттағы жұмыстар жеткілікті деңгейде белсенді жүргізіліп жатқан жоқ. Барлық әкімдер мен өңірлік билік органдарының міндеті – қабылданған бағдарламалардың артықшылығын және оған қатысу тетіктерін әр азаматқа жете ұғындыру. Бизнесті дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, өңірде мал шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті өркендету үшін зор әлеует бар. Мемлекет те бұған түрлі салалық бағдарламалар арқылы көмек көрсетуде», – деді Мемлекет басшысы.  

Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы, жалпы алғанда, маңызды басымдық саналатынын және оның тиімділігін арттыру талап етілетінін атап өтті. 

«Агроөнеркәсіп секторы барған сайын оны дамытудың зор әлеуетіне ие болуда. Қазіргі уақытта әлемде азық-түлік тапшылығы бар, ғаламшарда миллиардқа жуық адам тойып тамақ ішпейді, ал Жер шары халқының саны өсуде. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін біздің орасан зор аумағымыз бар. Бірақ жаңа технологияларды қолдана отырып, өнімділікті едәуір арттыру қажет. Біз қазір гектарына 13 центнерден астық алсақ, қуанамыз, ал көршілес Қытай қазірдің өзінде астықтың түсімін 30 центнерге дейін жеткізуде. Жүйелі және мақсатты түрдегі мемлекеттік қолдау арқасында ауыл шаруашылығындағы жағдай өзгеруге тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы республикада индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыруда айтарлықтай жұмыстар жүргізілгеніне, енді іске қосылған әрбір кәсіпорынның тиімді қызметін қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды.

«Біз шикізатқа тәуелділіктен арылып, жаңа экономика қалыптастырып, сапалы жұмыс орындарын құруымыз қажет. Индустриялық-инновациялық бағдарлама жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері елімізде нақты 700 жаңа кәсіпорын, 180 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бірақ өңірдегі кейбір нысандар индустриялық бағдарлама аясында жоспарлы қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Зауыттарды тауар өндіріп, сыртқы нарыққа экспорттау үшін салу керек, әйтпесе даму болуы мүмкін емес», – деді Қазақстан Президенті.

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев облыста әлеуметтік мәселелерді шешу және тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту қажеттігін айтты.

 «Қазақстанда адам өлімі көбінесе жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын. Сондықтан біз барлық өңірде кардиологиялық орталықтар салдық. Жылына біз 10 мыңнан аса операция жасаймыз. Сондай-ақ, ана мен бала өлімін айтарлықтай азайтып, кейбір жерлерде тіпті жойдық», – деді Мемлекет басшысы.  

Кездесу соңында Қазақстан Президенті мемлекеттік органдар тарапынан түсінік жұмыстарын белсенді жүргізудің маңыздылығына тоқталды, сондай-ақ өңір тұрғындарына игілік және бақ-береке тіледі.

Сонымен қатар, кездесуде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдің биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады.

Мемлекет басшысы аралап көрген «Стекло-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі отқа төзімді әйнек, әйнектен жасалған көпқатпарлы бөлу бұйымдары өндірісін ұйымдастыруды жүзеге асырады. Жоба аталған өнімдердің импортын азайтып, Ресей Федерациясының көршілес өңірлеріне экспорттау көлемін арттыруды қамтамасыз етеді.

Жобаның құны – шамамен 800 миллион теңге, өндірістің жобалық қуаты – 684 мың шаршы метр отқа төзімді әйнек және әйнектен жасалған бұйымдар.

 

 

 

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды