«Bus Lane» жобасы толыққанды жұмыс істей бастады

11 Тамыз, 2015 18:23
Тамыздың 11 бастап Б. Момышұлы көшесі мен Бөгенбай батыр даңғылындағы арнайы жолақтар толыққанды жұмыс режиміне енеді. Аталмыш жолақты пайдаланып, ереже бұзған көлік иелеріне 5 АЕК немесе 9910 теңге көлеміндегі айыппұл салынады, деп хабарлады елорданың ресми сайты.

Естеріңізге сала кетейік, шілденің 26 күні Астана қаласында көлік жолдары бойында автобустарға арналған арнайы жолақ салу бойынша «Bus Lane» пилотты жобасы енгізіле бастаған болатын. Жоба Астана қаласы Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының және Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының қолдауымен іске асырылуда.

«Bus Lane» жобасы Б. Момышұлы көшесі (Абылай хан даңғылынан бастап Сарайшық көшесіне дейінгі аралықта) мен Бөгенбай батыр даңғылында (Уәлиханов көшесінен Сарыарқа көшесіне дейінгі аралық) тәжірибе ретінде жүзеге асырылған. Бірінші жолақтың жалпы ұзындығы 2,84 км құраса, екіншісі – 2,15 км тең. Б. Момышұлы көшесіндегі белгіленген жолақ арқылы бүгінгі таңда 11 автобус қатынайды, ал Бөгенбай батыр даңғылындағы арнайы жолақ арқылы 17 қоғамдық көлік жүріп өтеді.

«Bus Lane» жобасының мақсаты – жолаушылар үшін ығайлы жағдай жасау, қоғамдық көлік қозғалысына басым назар аудару. Мамандардың айтуынша, аталмыш жоба автобустардың жол жүру кестесін анықтап, қозғалыс қауіпсіздігін күшейтеді, сонымен қатар, автобустардың қатынау уақыты 20% артады.

Атап өту керек, аталмыш жолақ арқылы жүру қоғамдық көліктерден өзге тек қана жедел қызмет көліктеріне жүруге болады. Аталмыш тәртіптің сақталуын жол полициясы мұқият қадағалайды.

2015 жылдың соңына дейін қосымша жолақтарды салу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта жолақтардың орналасу кестесі әзірленуде.

Барлық жаңалықтар