ҚР Ұлттық банкі 4 ескерткіш және 3 мерейтойлық монетаны айналымға шығарды

7 Тамыз, 2015 11:13
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2015 жылғы 7 тамыздан бастап нейзильбер қоспасынан жасалған төрт ескерткіш монетаны айналымға шығады, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Олар номиналды құны 50 теңге болатын  «Дала қазынасы» монеталар сериясынан «Тайқазан», «Ғарыш» монеталар сериясынан «Буран», «Қазақстанның қалалары» монеталар сериясынан «Қызылорда» және «Орал» ескерткіш монеталары.

«Сондай-ақ үш мерейтойлық монетаны айналысқа шығарылады. Олар номиналдық құны 50 теңгелік, нейзильбер қоспасынан «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «2015 - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» мерейтойлық монеталары және номиналдық құны 500 теңгелік, «proof» сапасымен «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» монеталар сериясынан «2015 - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» мерейтойлық күміс монеталарын айналысқа шығарады», - делінген хабарламада.

Нейзильбер қоспасынан «Тайқазан» ескерткіш монеталары: диаметрі – 31 мм, массасы – 11,17 гр, таралымы – 100 мың дана.

Ал, Нейзильбер қоспасынан «Буран» ескерткіш монеталары: диаметрі – 31 мм, массасы – 11,17 грамм, таралымы – 100 мың дана. «Ғарыш» монеталар сериясынан «Буран» ескерткіш монетасы ғарышты зерттеу және ғаламның құпияларын тану тарихындағы айтулы оқиғаларға арналған серияны жалғастыратын нейзильбер қоспасынан жасалған монеталардың тоғызыншы жұбы болып табылады.

Нейзильбер қоспасынан «Қызылорда», «Орал» ескерткіш монеталары: диаметрі – 23 мм, массасы – 4,71 грамм, әрбіреуінің таралымы – 50 мың дана.

Сонымен қатар, «Нейзильбер қоспасынан «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық монеталары: диаметрі – 31 мм, массасы – 11,17 гр, таралымы – 50 мың дана.

«2015 - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» мерейтойлық монеталары күмістен және нейзильбер қоспасынан жасалған. Монеталар: 925 сынамды күмістен, массасы – 24 грамм, диаметрі – 37 мм, дайындау сапасы «proof», ең көп таралымы – 5 мың дана; нейзильбер қоспасынан, диаметрі – 31 мм, массасы – 11,17 грамм, таралымы – 50 мың дана.

Аталып өткендей, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» және «2015 - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» мерейтойлық монеталары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы № 1223 қаулысымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес дайындалды.

«Номиналы 50 теңгелік және 500 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ шоттарға, салымдарға, аккредитивтерге есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады», - деп түсіндірілген баспасөз ақпарында. 

Барлық жаңалықтар