• Басты
  • Қазақстандық армияның офицерлер құрамы әскери оқу орындарының түлектерімен толықтырылды

Қазақстандық армияның офицерлер құрамы әскери оқу орындарының түлектерімен толықтырылды

6 Тамыз, 2015 19:13
28738 әскери бөліміне ресей әскери оқу орындарында білім алған жас офицерлер келді, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігі.

Жаңадан келген лейтенанттар еліміздің Қарулы Күштерінде қызмет етуге ресми түрде кірісті. Олар жеке құраммен танысты және бірте-бірте қызмет үдерісін жете түсінуде. Бозбалаларға жаңа ұжымға сіңісуге, әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен етене танысуға бөлім командирі подполковник Бақтияр Исламов көмектеседі. 

«Офицерлік погонды иығыма тағып, қазақстандық армияның офицерлерімен бірге бір сапта тұруды асыға күттім. Туған-туысқандарым мен командирлер  сенім артып отырған үкілі үміттерін ақтауға тырысамын. Еліміздің игілігі үшін адал қызмет ететін боламын», - деді РФ Вольск әскери институтының түлегі Жомарт Жандыбаев. 

Осы жылы армиямыздың қатарын Қазақстан Қарулы Күштері үшін офицерлік кадрлардың негізгі ұстасы болып табылатын қазақстандық әскери оқу орындарының бітірушілері толықтырғанын айта кеткен жөн.  Қазіргі уақытта ҚР ҚК әскери бөлімдері мен құрамаларында қызмет етуге Құрлық әскерлері Әскери институтының 368 түлегі мен Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтын тәмамдаған 207 жас лейтенант кірісті.

Елдің қорғаныс қабілеттілігі тапсырмаларын шешуде және армияның жауынгерлік әзірлігін ұстап тұруда офицерлер құрамы маңызды рөлге ие. Офицерлер әскери білім мен жауынгерлік дәстүрді жалғастырушылар болып табылады, Қарулы Күштердің нығаюы мен әрі қарай дамуына ықпал етеді. 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар