Петропавл әуежайындағы қайта жаңғырту жұмысы облыс әкімінің бақылауында

5 Тамыз, 2015 16:12
Өңiр басшысы Ерiк Сұлтанов әуежайдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Жоспар бойынша ұшу-қону жолағы қазан айында дайын болады. Қыста әуежай Астана, Алматы бағыттарына рейстердi қайта ашады, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Қазiр бұнда тендердi жеңiп алған «К-Дорстрой» ЖШС жөндеу жұмыстарын бастады. Нысан басында 300-ге тарта маман жұмыс iстеп жатыр. Үстiмiздегi жылы ұшу-қону жолағы жаңартылмақ. Жолақтың ұзындығы 300 метрге ұзартылады, енi 60 метрге дейiн жеткiзiледi. Бұл мақсатқа биыл республикалық бюджеттен 4 млрд теңге бөлiндi.

«Келер жылдың тамыз айында әуежайда толық жаңарту жүргiзу керек. Осы уақыт аралығында мұндағы барлық жұмыстар аяқталады»,- дедi өңiр басшысы Ерiк Сұлтанов.

Әуежай алаңына халықаралық стандарттарға сай полимерлi асфальт-бетон төселетiн болады. Бұл өз кезегiнде ұшақ жолының берiк болуына көмегiн тигiзедi.

«Ұшу-қону жолағы күрделi жөндеуден өткеннен соң әуежай ғимараты толық жаңартылады. Болашақта Петропавл Қазақстанның барлық өңiрлерiнен және Мәскеу қаласынан ұшақтарды қабылдайды деген жоспар бар», — дедi СҚО жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбiт Исманов.

 

Барлық жаңалықтар