Биыл Ақмола облысының диірмені алғашқы астықты қабылдайды

5 Тамыз, 2015 14:48
Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин өзінің Көкшетау қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Көкшетау қаласының бірқатар нысандарын аралады, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Ол алдымен «AgroInterTech» серіктестігінің жұмысымен танысты. Бұл серіктестік ауыл шаруашылығы техникасы мен қондырғыларын импортқа шығарумен және сатумен айналысады. Өткен жылы кәсіпорын 147 млн теңге соммасына тауар өндірген. Бүгінде бұл жерде 32 адам еңбек етеді.

Әрі қарай өңір басшысы жаңадан салынып жатқан орталық мешіт аумағын көріктендіру және көгалдандыру жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жерді облыс әкімі абаттандыру жұмыстарын тездетуді  тапсырды.

Жуық арада қаламызда жаңа «Бижан» ет және шұжық өндіру зауыты іске қосылатын болады. Облыс басшысы осы күні бірер аптадан соң  ашылғалы тұрған аталмыш зауыттың жұмысымен де танысып, зауыттың жоспар бойынша қосылу мерзімін мүмкіндігінше сақтауды талап етті.

 Сондай-ақ, осы күнгі облыс әкімі бас сұққан ең соңғы нысан «Ақмола Бидай» ЖШС болды. Бұл диірмен кешенінің де құрылысы аяқталуға жақын. Кәсіпорын бір уақытта дәнді және майлы дақылдарды қабылдап, өңдей алады. Элеватордың сыйымдылығы 30 мың тонна, диірменнің қуаттылығы – тәулігіне 200 тонна. Кешен толық қуаттылыққа шыққанда жылына 57 мың тоннаға дейін ұн тарта алатын болады.

Бүгінде бұл жерде құрылыс жұмыстарына 75 адам жұмылдырылған. Жобаның жалпы құны 2 млрд. теңгені құрайды. Кәсіпорын тамыз айының ортасында іске қосылып, биылғы күзде алғашқы астығын қабылдап алатын болады.

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар