• Басты
  • Жаңалықтар
  • Республикалық жол жөнделгеннен кейін Аягөзден Ақсуатқа дейінгі жол екі есеге қысқарады – әкімдік

Республикалық жол жөнделгеннен кейін Аягөзден Ақсуатқа дейінгі жол екі есеге қысқарады – әкімдік

5 Тамыз, 2015 17:03
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Аягөз ауданынан Тарбағатай ауданына дейінгі автожолдың жағдайын тексеріп, бірқатар құрылыс нысандары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарын аралады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы Аягөзден Ақсуат ауылына дейінгі 216 км болатын жол бөлігі мен Қарағанда-Аягөз-Боғас  бағытындағы жолмен жеке өзі танысып көрді.   

Айта кететін мәселе, аталған жолды жөндеудің нәтижесінде Аягөзден Ақсуат ауылына дейінгі жол екі есеге қысқарады. Жолаушылар ағыны 200 көліктен 1 мың 500 көлікке дейін ұлғаяды деген жоспар бар. Бүгінгі таңда Аягөзден Ақсуатқа дейін жолаушылар Алматы-Өскемен трассасымен Қалбатау ауылы арқылы артық 200 км жерді артығымен жүріп өтеді. 

Тарбағатай ауданында облыс әкімі өткен жылдың қараша айында басталған «Базар» өзеніндегі су қоршауының қайта жөндеу жұмыстарымен танысып қайтты. Жобаның сметалық құны – 848 млн теңге.     

Су құрылғысында жүргізіліп жатқан жұмыстар оның қауіпсіздігін нығайтып, 4 мың 690 гектар аймақтағы ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз етеді. Ал бүгінгі таңда онда небәрі 1 мың гектар жер суарылуда. Құрылысшылар жоспарланған істердің барлығын биылғы жылдың қараша айына дейін бітіруді жоспарлап отыр. Өңірде сонымен қатар, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту бағытында кешенді шаралар атқарылуда.   

Бұдан соң өңір басшысы Құмкөл ауылдық округінде болып, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның лизинг бағдарламалары арқылы алынған ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесін тамашалап, «Мырзашөл» өндіріс кооперативінің өкілдерімен жүздесті. Сапар соңында Даниал Ахметов Ақжар ауылында орналасқан «Қоныс» шаруа қожалығының сүт цехының жұмысымен танысты. Жоба «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы аясында іске қосылған.  

  

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар