• Басты
  • Жаңалықтар
  • Алматы облысында мемлекеттік тілді оқытудағы инновациялық тәсілдердің таныстырылым өтті

Алматы облысында мемлекеттік тілді оқытудағы инновациялық тәсілдердің таныстырылым өтті

3 Тамыз, 2015 18:52
Алакөл ауданында «Мың бала» атты мәдени-ағартушылық жобаның аясында «Тілдерді үйретудегі инновациялық тәсілдер» атты республикалық семинар-тренинг өтіп, онда мемлекеттік тілді үйрету бойынша түрлі алдыңғы қатарлы тәсілдер ұсынылды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Ұлытау» мәдени-линвистикалық лагерьдің базасында өткен шараны «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі Алматы қаласының менеджмент университетімен бірлесіп ұйымдастырылған болатын. Аталмыш шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Қоғамдық келісім» РМК, мемлекеттік органдардың өкілдері мен Достық үйінің әдіскерлері мен ұстаздары, этномәдени бірлестіктердің жексенбілік мектептері мен өзге де сала өкілдері қатысты.

Модераторлар 6 күн бойына, тыңдаушылар үшін теориялық және тәжірибелік сабақтар өткізді. Жиында әрбір қатысушы қандай да бір тәсілді тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында «Мемлекеттік тіл мен үштілді білім беруді дамытудағы инновациялық тәсілдер» атты тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтті.     

Семинар-тренингтің соңында барлық қатысушыларға жеке-жеке  атаулы сертификаттар берілді. «Қоғамдық келісім» РМК директорының орынбасары, филология ғылымының докторы, профессор Ғазиз Телебаевтың сөзінше, барлық қатысушылар қажетті оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етілді, сол себепті оқытудың қорытындысы бойынша қолға алынған маңызды шаралардың бірі өңірлерге жаңа әдістердің енгізілуі болады.     

 

 

Барлық жаңалықтар