• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ә. Жақсыбеков: Басты мақсат - Астананы еліміздегі бизнес жүргізуге ең ыңғайлы қалаға айналдыру

Ә. Жақсыбеков: Басты мақсат - Астананы еліміздегі бизнес жүргізуге ең ыңғайлы қалаға айналдыру

3 Тамыз, 2015 17:58
Бүгін Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков кезекті аппарат жиынын өткізді. Күн тәртібінде үлескерлер мәселесін шешу, елордада бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау, қаладағы әмбебап дүкендердегі қызмет көрсету жүйесін жақсарту және санитарлық жағдайды бақылау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жиын барысында үлескерлер мәселесі туралы сөз қозғаған елорда әкімі жергілікті атқарушы билік жер телімдерін жобалау, құрылыс жүргізу және нысанды пайдалануға беру үшін беретіндігін атап өтті. Ал бұл талаптар бұзылғаны үшін заң алдында құрылыс компанияларының басшылары жауап берулері тиіс.

"Ия, біз бұл нарықтағы жағдайды біліп отыруымыз керек. Құрылыс барысы мен жер телімдерінің игерілуіне талдау жасап отыруымыз керек. Тек осы ғана", - деді Ә. Жақсыбеков.

Оның сөзінше, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай түйткілді мәселелер сот немесе өзге де тиісті органдар арқылы ғана шешіледі.

Астана қаласының ағымдағы санитарлық жағдайына тоқтала келе әкім қала құзырлы құрылымдардың басты мақсаты – елорданың келбетін тиісті деңгейде ұстап тұру екенін ескертті. Бұл жұмысты бақылауда ұстау үшін әкімнің бұйрығымен жүйелі түрде жұмыс істейтін ұтқыр топ құрылған. Фото есептерге және өзге де қағазбастылыққа жол бермеу мақсатында Ә. Жақсыбеков бұл жұмысты электронды түрде жүргізуді тапсырды.

"Жұмыстың қалай жүріп жатқанын кез-келген уақытта қадағалап, көруіміз үшін ескертулерге қатысты барлық суреттер мен есептерді менің және орынбасарларымның кабинеттерінде орналасқан мониторларға шығару қажет. Сол арқылы кемшіліктерді дер кезінде көріп тез арада олқылықтың орнын толтырамыз, - деді әкім.

Аппарат жиынында талқыланған тағы бір өзекті мәселе – мемлекеттік қызмет көрсету сапасы. Қаладағы бизнес-климатты жақсарту үшін рұқсат беру процедураларын азайту керек. Әкімнің айтуынша, барлық мемқызметтер тек қана ХҚКО арқылы жүзеге асырылуы тиіс және сәйкесінше қызмет көрсету уақыты ұзақ болмауы керек.

Бұл бағытта мемлекеттік қызмет көрсетудегі бизнес-процесстерді зерделеп, оларды оңтайландыру бойынша ұсыныстар енгізу үшін арнайы жұмыс тобын құру керектігі айтылды.

"Бұл жұмысқа бизнес-қауымдастықтарды, кәсіпкерлер палатасын тарту қажет. Бұл жұмыстарды басқаруды Әлиев Нұрәлі Рахатұлына тапсырамын. Басты мақсат – Астананы бизнес жүргізу үшін еліміздегі ең қолайлы қалаға айналдыру. Бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын түсінбейтін және өз өкілеттігінен айрылғысы келмейтін басшылар жұмыстан босатылады",-деді әкім.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын ҚР Инвестиция және даму министрлігі қамтамасыз етеді, бірақ жұмыс сапасы қала тұрғындарына әсер ететіні белгілі және оның салдарынан барлық сын әкімдікке жолданады. Бұл ұзын-сонар кезектер мен қолайсыз ішкі логистика, қызмет көрсетуші персоналдың дөрекілігі мен тұрғындардың шағымдары.

Жоғарыда аталған жайттарға байланысты Ә. Жақсыбеков әкім аппаратына ХҚКО байланысты барлық ескертулерді жоюға тапсырма берді.

Аппарат жиыны барысында қаланың әмбебап дүкендеріндегі тұтынушыларға қызмет көрсету деңгейі де талқыланды. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан аталмыш сауда орындарындағы қызмет көрсету мен сол мекемелер деңгейінің төмендігіне көп сын айтылуда.

"Елорда дүкендерінде қандай жағдайларға тап болғандары туралы тұрғындардың наразылықтары мен шағымдары өте көп", - деді шаһар басшысы.

Одан өзге, астаналықтар әмбебап дүкендердегі есеп айырысатын кассалардың жеткілікті болғанына қарамастан олардың тек екі-үшеуі ғана жұмыс істейтіндігіне наразы. Ал, бұл жағдай ұзын-сонар кезекке алып келеді.

Елорда әкімі Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен бірге қаладағы ірі сауда орталықтары иелерімен аталған мәселелерді шешу бойынша тиісті жұмысты жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ, Әділбек Жақсыбеков барлық қалалық құрылымдарға Қазақ хандығының 550 жылдығы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығына орай өткізілетін мерекелік шараларға дайындық жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Барлық жаңалықтар