Қызылорда облысында ет өңдеу орталығы іске қосылады

1 Тамыз, 2015 10:03
Қызылорда облысында ағымдағы жылы қуаттылығы 5 280 тонна құрайтын ет өңдеу орталығы іске қосылатын болады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Осы орталыққа етті қабылдау үшін жергілікті фермерлермен, оның ішінде «Сыбаға» бағдарламасы аясында мал өсіріп отырған шаруалармен келісімдер жасалуда. Орталықта дайындалған етті экспорттау үшін «ҚазАгроӨнім» АҚ алдын-ала жүргізілген келіссөздер бойынша Иран және Пәкістан елдерінің сұраныстары бойынша экспорттау мәселелері пысықталуда. Сонымен қатар, 50 мың бас қой бордақылау, 7,0 мың тонна қозы етін өндіретін комбинаттың жобасын іске асыру жоспарлануда.

«Аталған жобалар бірінші кезекте тұтынушылардың жас мал етіне деген сұраныстарын қамтамасыз етіп, өз кәсіпорындарының белгіленген қуаттарында жұмыс істеулеріне мүмкіндік тудыратын болады. Осы жобаларды іске асыруға Үкімет қаулысына сәйкес ет және сүт өндірісін дамытумен айналысып жүрген инвесторларға мемлекет тарапынан қомақты қаржы қаралып,  ірі қара малы мен ұсақ малдардың құрылымдарына қажетті сатып алынған техникалар мен қондырғыларға және жайылымдарды суландыру үшін  қазылған шеген құдықтар мен ұңғымаларға (скважина) жұмсалған шығындардың бір бөлігінің орнын толтыруға басым бағыт беріліп субсидия бөлінген. Осы мақсатқа  облыс бойынша 75,0 млн. теңге бөлініп, бүгінгі күні ет бағытындағы МІҚ малын өсіретін фермерлік қожалықтар 8 дана техника және қажетті 10 дана қондырғы сатып алды»,- делінген хабарламада. 

Сондай-ақ, «Жайылымдарды суландыру инфрақұрылымдарын салу» жобасы бойынша облыста 16 дана құдық қазылды. Бұл жұмыстар отарлы мал шаруашылығын дамыту бағытында қолға алынған.

 

 

Барлық жаңалықтар