Бүгін Куала-Лумпурде 2022 жылғы Олимпиаданы өткізетін қала таңдалады (Фото)

31 Шілде, 2015 09:43
31 шілде – XXIV қысқы Олимпиада ойындары мен XIII Паралимпиада ойындарын өткізетін қаланы таңдаудың соңғы күні. 2022 жылғы Олимпиада ойындарын өткізу құқығын жеңіп алудан Алматы мен Бейжің қалалары үмітті.

Малайзия астанасы Куала-Лумпурде Халықаралық Олимпиада комитетінің 128 сессиясы өтіп жатыр. Оның басты оқиғасы 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізетін қаланы таңдау болмақ. Бүгін қос үміткер қала соңғы таныстырылымын өткізеді. БАҚ өкілдері презентацияны баспасөз орталығында тікелей эфирден бақылап отырады.

Алматы өтінім комитетінің құрамында еліміздің белгілі Олимпиада жүлдегерлері мен чемпиондары жұмыс істеуде. Қазақстанның өтінім комитетін Премьер-министр Кәрім Мәсімов басқарады. Бұған дейін Үкімет басшысы ХОК президенті Томас Бахпен кездескен еді. Кездесу барысында қос тарап ХОК-тың алдағы 128 сессиясының күн тәртібін талқылады. 

Convention Center Kuala Lumpur залында XXIV қысқы Олимпиада ойындары мен XIII Паралимпиада ойындарын өткізуге қазақстандық өтінімді таныстыру рәсімі басталды.Алматы-2022 тұжырымдамасын 7 адам таныстырып жатыр. 

2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының астанасын Халықаралық олимпиада комитетінің 85 делегаты таңдайтын болады. Қазақстан мен Қытайдан келген ХОК мүшелері дауыс беруге қатыспайды. Халықаралық олимпиада комитетінің Президенті Томас Бах та дауыс бере алмайды.

Залда делегация басшысы, ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов, Алматы әкімі Ахметжан Есімов, ҚР ҰОК президенті Темірхан Досмұхамбетов, ҚР мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Алматы-2022 Өтінім комитеті төрағасының орынбасары Андрей Крюков, Денис Тен, Қысқы жастар Олимпиада ойындарының қатысушысы Карина Узурова, Паралимпиада ойындарының қатысушысы Жаңыл Балтабаева отыр.

Суретке түсірген Азамат Әлиев

Барлық жаңалықтар