• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаев Алматыдағы сел салдарын жою жөнінде бірқатар тапсырмалар берді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаев Алматыдағы сел салдарын жою жөнінде бірқатар тапсырмалар берді

24 Шілде, 2015 11:06
Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Алматы қаласындағы сел тасқыны орын алған жерлерге бару сапарында сел салдарын жою жөнінде бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты.

«Вице-премьер ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божкомен бірге сел тасқынына себеп болған мұздық пен морена көлінің үстімен ұшып өтті.

Сондай-ақ, ол балшықты-тасты ағынның негізгі көлемін ұстап қалған селге қарсы бөгеттің жағдайын және Алматы қаласының екі ауданының аумағындағы Қарғалы өзенінің арнасын тексерді», - делінген хабарламада.

Бұдан өзге, Бердібек Сапарбаев апаттан зардап шеккен тұрғын үйлерді аралап, тұрғындармен кездесіп, оларды мазалайтын сұрақтарға жауап берді. 

Вице-премьер «алаңдаудың қажеті жоқ, бөгет жанындағы және Қарғалы өзеніндегі су көлемі тұрғындарға қауіп төндірмейді» деп сендірді.

«Мен Үкіметтің атынан жағдаймен танысып, селдің салдарын бағалау үшін келдім. Әкімдік ІІМ және ТЖД қызметкерлерімен бірге сәйкес шаралар қабылдады. Қазіргі уақытта тасқын болған ауданда 1200 адам және 160 техника бірлігі жұмыс жасап жатыр», - деді брифинг барасында Б.Сапарбаев және ол аталған мәселе Мемлекет басшысының бақылауында екендігін баса айтты. 

Қала әкімдігінде өткен кеңесте жұмыс сапарының қорытындысы жасалып, оның барысында Б.Сапарбаев орталық мемлекеттік органдарға және жергілікті биліктерге бірқатар тапсырмалар берді. 

Атап айтқанда, ол көшелер мен аулаларды тазалау бойынша жұмысты күшейтуді, қосымша күштер мен техника тартуды тапсырды. Қаланың ІІМ-не тәулік бойы патрульдеу және тәртіп сақтауды қамтамасыз ету, ал коммуналдық қызметтерге ауыз су тасуды ұйымдастыру және энергиямен, газбен және сумен жабдықтауды қамтамасыз ету тапсырылды. Қала әкімдігіне аулаларды аралап, заңнамаға сәйкес залалды бағалау, өтемақы көлемін анықтау тапсырылды.

 

Барлық жаңалықтар