Жоғарғы сотта бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастыру мәселесі талқыланды

23 Шілде, 2015 16:07
Кеңейтілген кеңес шеңберінде ағымдағы жылдың алты айы бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындылары шығарылды және біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Кеңес барысында Мемлекет басшысы жариялаған «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарын іске асыру шеңберіндегі сот жүйесін одан әрі дамытудың нақты іс-шараларын талқылауға басымдық берілді.

Соттардың заң нормаларын біркелкі қолдануын қамтамасыз етуге арналған шаралардың уақтылы іске асырылуы – құқықтар мен заңмен қорғалатын мүдделерді тиімді қорғаудың, бұған қоса, елімізде біркелкі және тұрақты құқықтық режимді сақтаудың маңызды шарттарының бірі болып табылады. Бұл – Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында алға қойған міндеттерді табысты іске асырудың оңтайлы шарты.

Осы айтылғандарды ескере отырып, Жоғарғы Сот алғашқы жартыжылдықта барлық санаттағы істерге қатысты сот тәжірибесін ауқымды түрде зерделеуді ұйымдастырды. Сот істерінің Электронды жіктегіші құрылды, соған сәйкес істер санаты бойынша барлық сот актілері жүйеленді, сондай-ақ қалыптасқан тәжірибе негізінде қорытулар жүргізілді. Жоғарғы Соттың ішкі порталында сот тәжірибесіне қатысты жүргізілген қорытуларды жариялау, талқылау және түсініктеме беруге бағытталған «Қорыту форумы» атты жаңа сервис енгізілді. Келешекте бұл сервис сот процесінің барлық қатысушыларына қолжетімді болады.

Аталған шаралар 2016 жылдан бастап судьялардың Ұлт Жоспарына сәйкес жүргізілетін реформалар шеңберінде жаңғыртылған заңнама жағдайында жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің стандарттарына сәйкес еліміздің сот төрелігі жүйесін жақсарту туралы Президенттің тапсырмаларын іске асырудың нақты қадамдары болып табылады.

Кеңеске қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қ.Мәми: «Өткен жартыжылдықта республикадағы сот төрелегін жүзеге асырудың қорытындылары сот төрелігінің сапасы мен істерді қарау мерзімдерін сақтаудың тұрақты көрсеткіштерін айқындап берді. Осы ретте, республика бойынша шығарылған барлық сот актілерінің 98,6% заңды әрі негізді деп танылды», деді.

2015 жылдың бірінші жартыжылдығында БҰҰ Даму Бағдарламасы Құқықтық саясатты зерттеу және Қоғамдық пікірді зерделеу институттарымен бірлесіп жүргізген тәуелсіз әлеуметтік сауалнама қорытындысында сот корпусының біліктілігі мен кәсібилігінің жоғары деңгейі атап өтілді. Зерттеу аясында республикадығы 193 аудандық және оған теңестірілген соттарда сот процестеріне тікелей қатысқан 12 206 респондентке сұрау салынған.

Нәтижесінде, респонденттердің 80%-ы – судьяларға сенім білдірген, сұрау салынғандардың 83%-ы – судьялардың сот талқылауына дайындық деңгейіне қанағаттанушылық танытқан. Жалпы алғанда, респонденттердің 71,3%-ы – соттар жұмысына қанағаттанушылық білдірген.

Судьялар жұмысының сапасын бағалау барысында сарапшылар Сот төрелігінің тиімділігі мәселелері жөніндегі Еуропалық комиссияның, сондай-ақ соттар қызметін жетілдіру жөніндегі халықаралық консорциумның әдістемелік ұсынымдарын басшылыққа алғанын атап өткен жөн.

Бұған қоса, Жоғарғы Сот Төрағасы елімізде түрмедегілер санының азаю үрдісінің орын алып отырғандығына тоқталды. Мысалы, бас бостандығынан айырылуға сотталғандардың үлес салмағы өткен жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда 11,5%-ға азайған.

Бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалау мен қамаққа алудың баламалы бұлтартпау шараларын қолдану өткен жартыжылдықта елдегі тұтқындар саны шамамен 44,5 мың адамға дейін азайтуға мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде алғаш рет Қазақстанның түрме рейтингі 6 позицияға (41-ден 47-орынға) жақсарды. Бұл Мемлекет басшысының Қазақстанның түрме халқы индексі бойынша көш бастаған 50 елдің қатарынан шығуы туралы тапсырмасына сай келеді. Бұл үшін тұтқындар саны шамамен 41 мыңға дейін азаюы тиіс.    

Кеңес барысында Жоғарғы Соттың қадағалаушы сот алқаларының төрағалары мен судьяларының, сондай-ақ бірқатар облыстық және оған теңестірілген соттар төрағаларының біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыру жұмысы туралы ақпараты тыңдалды.

Кеңеске қатысушылар «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру шеңберіндегі сот құрылысы мен сот ісін жүргізуді жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударды. Өткізілетін іс-шаралардың сапасы мен жеделдігіне айрықша мән берілді.

 

Барлық жаңалықтар