Астана әкімдігі рұқсатсыз сатылмақ болған 30 нысанды анықтады

23 Шілде, 2015 12:27
Астана әкімдігі 2015 жылдың алғашқы жартыжылдығында «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңының талаптарына қарамастан, рұқсатсыз сатылғалы жатқан 30 нысанды анықтады, деді Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун пәтерлерді рұқсатсыз сату мәселесіне арналған баспасөз мәслихатында.

«Бүгінгі қолданыстағы заңнама тұрғын үйлерді арнайы рұқсат қағазынсыз сатуға мүмкіндік бермейді. Бұл шара вдеомствоаралық комиссия тарапынан шешіліп, БАҚ-да жарияланғаннан кейін мүмкін. Тек биылғы жылдың жартыжылдығында ведомствоаралық комиссияның аясында 30 нысан бойынша материалдар бірнеше мәрте қаралды. Оның себебі пәтерлерді сату шарасы рұқсатсыз және «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң талаптарына қарамастан жүргізілген»,-деді С.Хорошун.    

Қала әкімінің орынбасары осы мәселе бойынша нақтыланған фактілердің құқық қорғау органдарына жолданғандығын айтты. 

«Осы уақытта біреудің меншігін пайдалану мен талан-таражға салу, алаяқтық фактілері бойынша «Азбука жилья», «Төленді», «Әл-Баракат», «Орал дизайн құрылыс сервис» сияқты компания өкілдеріне қатысты бірқатар қылмыстық істер қозғалды",-деді ол.  

Бұл ретте Астана әкімінің орынбасары елорда тұрғындарына күмәнді құрылыс компанияларымен байланысқа бармау қажеттігін ескертті.

Анар Тәңірқұлова 

Барлық жаңалықтар