• Басты
  • Жаңалықтар
  • Әйгілі гроссмейстер Д. Сәдуақасова астаналық жеткіншектермен турнир өткізді

Әйгілі гроссмейстер Д. Сәдуақасова астаналық жеткіншектермен турнир өткізді

21 Шілде, 2015 19:14
20 шілде күні аталып өтетін Халықаралық шахмат күніне орай Астанада жас шахматшылар әлемнің үш дүркін чемпионы, халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасовамен бір уақытта ұйымдастырылған сеансқа қатысып, бақ сынады.

Ұйымдастырушылар хабарлағандай,  бұл турнирге шахмат ойынынан жақсы жетістіктерге қол жеткізіп, халықаралық, республикалық сайыстарға шығып жүрген 7-12 жас аралығындағы жеткіншектер қатысты.

Олардың арасында Азия және Әлем чемпиондары Алина Қайырбекова, Азия чемпионы Сәтбек Ахмединов, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері Меруерт Камалетдинова, Қазыбек Нөгербек сынды жас спортшылар бар.

« 25 жеткіншекпен өткен сайыс бірнеше сағатқа созылып, Сәтбек Ахметдинов пен Нұрсұлтан Жәмшит гроссмейстермен ойынды тең есеппен аяқтады. Жас шахматшыларға Астана қаласы туризм, дене тәрбиесі, спорт басқармасы бағалы сыйлықтар табыс етті. Қала әкімшілігі атынан еліміздің абыройын әлемде асқақтатып жүрген гроссмейстер Динара Сәдуақасоваға елордадан пәтер кілті табыс етілді», - делінген хабарламада.

 Халықаралық шахмат күні Әлемдік шахмат федерациясының ұйытқысымен 1966 жылдан бері аталып келеді. Бұл күні түрлі спорт шараларын өткізу Астанада игі дәстүрге айналған. Биыл өнер, ғылым мен спортты ұштастырған спорттық сайыс «Шахмат Аллеясында» өтті. Қазақстанда шахмат соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. 2012 жылы Астанада шапшаң шахмат пен блицтен Әлем чемпионаты өтсе, 2013 жылы елорда шахматтан әйелдер арасындағы командалық чемпионатты қабылдады.

Айта кетейік, шараны Республикалық шахмат федерациясы мен Астана қаласының әкімшілігі ұйымдастырды.  

Барлық жаңалықтар