Павлодар облысының бюджеті 2015 жылдың 1-ші шілдесінде 95,9 пайызға орындалды

20 Шілде, 2015 19:14
Облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген отырыста облыстың 2015 жылғы I жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы, сондай-ақ үстіміздегі жылдың I жартыжылдығына арналған бюджеттің орындалуы талқыланды, деп хабарлады облыс әкімдігі.

«2015 жылғы 1 тоқсанда жалпы өңірлік өнім көлемі 365,7 млрд. теңгені құрады. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 468,6 млрд. теңгені құрады, ФКИ – 94,5%. Бұл республикалық көрсеткішке қарағанда 6,1 пайызға төмен, еліміз бойынша бұл көрсеткіш 100,6%-ды құрайды. Биылғы жылы аймақтағы ФКИ 99,1%, ал келесі жылы 100,7%-ды құрайды деп болжануда. Электрмен қамтамасыз ету саласында көрсеткіштердің төмендеуі байқалады (ФКИ – 89,6%). Бұл ресейлік нарыққа экспорттың шығарылмауымен және ірі тұтынушылардың едәуір арзан энергия көздеріне көшуімен байланысты болып отыр», - делінген хабарламада.

1 шілдедегі жағдай бойынша ҮИИД МБ-ның екінші бесжылдығы (2015-2019) шеңберінде инвестиция көлемі 14,3 млрд. теңгені құрайтын, 242 жұмыс орнын құратын 3 жоба іске қосылды.

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 30,3 млрд. теңгені құрады немесе 2014 жылғы қаңтар-маусымға 106,7%. Павлодар облысында барлығы 680 мың бас ұсақ қара мал бар.

1 шілдеге шағын және орта кәсіпкерліктің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны 9,7%-ға артып, 45,5 мың бірлікті құрады.

Денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, бірінші жартыжылдықта облыс бойынша туберкулез ауруының көрсеткіштері 13,0%-ға (100 мың адамға 69,9), қатерлі ісік – 2,4%-ға (100 мың адамға 293,7) төмендегені байқалады.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша индустриялық-инновациялық даму, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларына өнеркәсіптің физикалық көлем индексі көлемінің төмендеуіне жол бермеу үшін өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау тапсырылды. Сондай-ақ аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне ауылдық округ әкімдерінің функционалдық міндеттеріне ауа райының бұзылуы жөнінде  халықты хабардар ету міндетін енгізуді тапсырды. Бұл шара әсіресе, әртүрлі ауыл шаруашылық науқандары барысында (ұсақ қара малды қырқу) күн райы бұзылған жағдайда мал басы мен егінді құтқаруды қамтамасыз ету үшін аса қажет.

Облыс қаржы басқармасының басшысы О. Шарапиденовтің ақпары бойынша, Павлодар облысының 2015 жылға арналған бюджеті (1 шілдедегі жағдай бойынша) 146 219,0 млн. теңгені құрайды. Бірінші жартыжылдыққа арналған кіріс жоспары жылдық болжамға 48%-ға, шығыс бойынша - 46,3%-ға орындалған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кіріс 1 347,6 млн. теңгеге ұлғайған. Қоршаған ортаға эмиссия үшін төленетін ақы бойынша 292,4 млн. теңгеге, ал акциздар бойынша 979,0 млн. теңгеге кему байқалады.

Облысты дамыту бюджеті 91,0%-ға орындалды немесе жоспарлы 8 994,2 млн. теңгенің 8 182,9 млн. теңгесі игерілді, 811,3 млн. теңге игерілген жоқ. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 пайыздық тармаққа өсу серпіні байқалады, атап айтқанда, 2014 жылғы 1 шілдеге облыс бюджетінің орындалуы 95,9%-ды құраған.

 

Барлық жаңалықтар