• Басты
  • Жаңалықтар
  • Биыл АӨК субъектілерінің 500-ге жуық қарыз шартының субсидиялануы мақұлданды

Биыл АӨК субъектілерінің 500-ге жуық қарыз шартының субсидиялануы мақұлданды

20 Шілде, 2015 12:48
Ағымдағы жылы несиелер, сондай-ақ технологиялық жабдықтың және ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламасы аясында агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) субъектілерінің 490 қарыз шартының арзандатылуы мақұлданды, деп хабарлады компания.

Бұл шарттар бойынша негізгі қарыз сомасы 12,3 млрд. теңгені құрайды. Мақұлданған шарттардың қолданылу мерзімінің аяқталуына дейінгі субсидиялар мөлшері 1,9 млрд. теңгеге тең. Соның ішінде ағымдағы жылға 682,2 млн. теңге субсидия қаралған. 

 «Субсидияланған несиелер ішінде: айналым қаражатын толықтыру бойынша 204 қарыз шарты (2015 жылғы субсидия мөлшері – 489,3 млн. теңге),негізгі құралдарды сатып алу мен құрылысқа берілген 154 қарыз шарты (2015 жылғы субсидия мөлшері - 104,1 млн. теңге),ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиялық жабдықтарының  лизингі бойынша 132 қарыз шарты (2015 жылғы субсидия мөлшері - 88,8 млн. теңге) бар», - делінген хабарламада.

Субсидиялау бағдарламасына қатысу үшін өтінімдер 28 қаржы институтынан келіп түскен.

Жалпы мақұлданған субсидиялар сомасының 31,7% Ақмола облысының үлесіне тиесілі, бұл аймақ бойынша 2015 жылы төленуі тиіс субсидия сомасы 216,6 млн. теңгені құрайды.

Жалпы мақұлданған субсидиялар сомасының 15,7% Алматы облысының үлесіне тиесілі, бұл аймақ бойынша 2015 жылы төленуі тиіс субсидия сомасы 107,7 млн. теңгені құрайды.

Жалпы мақұлданған субсидиялар сомасының 14,8% Солтүстік Қазақстан облысының үлесіне тиесілі, бұл аймақ бойынша 2015 жылы төленуі тиіс субсидия сомасы 101,4 млн. теңгені құрайды.

Ауыл шаруашылығы салаларының ішінде:мал шаруашылығы бойынша 290 шарт (2015 жылы төленетін субсидия көлемі - 123,5 млн. теңге);өсімдік шаруашылығы бойынша 121 шарт (2015 жылы төленетін субсидия көлемі – 222,1 млн. теңге),ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу бойынша 37 шарт (2015 жылы төленетін субсидия көлемі – 249,3 млн. теңге),аралас ауыл шаруашылығы бойынша 42 шарт (2015 жылы төленетін субсидия көлемі – 87,1 млн. теңге) мақұлданды.

 

Еске сала кетсек, бұл қолдау бағдарламасы несиелік/лизингтік шарттар бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің бір бөлігін субсидиялау жолымен қаржылық қызметтердің агрокешен субъектілеріне қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Субсидиялау теңгемен алынған номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 14%-дан аспайтын және шетелдік валютада алынған номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 10%-дан аспайтын кредиттік шарттар бойынша жүзеге асырылады. Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін мемлекет өтейді, ал қалған бөлігін қарыз алушы төлейді.

Сонымен бірге келесі шарттар қарастырылған:айналымдағы қаражатты толтыру және негізгі қаражатты алу, құрылыс, сондай-ақ технологиялық жабдықты және ауылшаруашылық техникасын лизингке сатып алу кредиттерінің сыйақы мөлшерлемелері теңгемен алынған болса, жылдық 7%-ға, шетелдік валютамен алынған болса, жылдық 5%-ға төмендетіледі;мал шаруашылығымен айналысатын агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін жемшөппен қамтамасыз ететін мамандандырылған ұйымдардың және мал шаруашылығы мен жемшөп өндірісі саласындағы ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарды сатып алуға арналған кредиттік шарттар бойынша сыйақы мөлшерлемелері қарыз теңгемен алынса, жылдық 10%-ға, шетелдік валютамен алынған болса, жылдық 7%-ға төмендетіледі (субсидиялау қағидаларында техника тізімі көрсетілген).

Бағдарламаға қатысқысы келетін барлық қарыз алушылар өздері несие алған қаржы институттарына өтінім тапсырулары қажет.

Субсидия берудің толық шарттары, тапсырылатын құжаттарға қойылатын талаптар, өтінімдерді және шешім қабылдау тәртібі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылдың 25 қарашасындағы №9-1/613 «Кредиттер, сондай-ақ технологиялық жабдықтың және ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген.

 

 

Барлық жаңалықтар