• Басты
  • Жаңалықтар
  • Финляндия Павлодар облысына суды тазарту мен қалдық материалдарды қайта өңдеу шешімін ұсынды

Финляндия Павлодар облысына суды тазарту мен қалдық материалдарды қайта өңдеу шешімін ұсынды

20 Шілде, 2015 10:13
Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев Финляндияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Илкка Райсаненмен кездесті, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында екі тарап Павлодар облысымен бизнес-қатынасты дамыту перспективасын, қазақстандық-финдік «Жасыл технологиялар» форумын ұйымдастыруды, сондай-ақ аймақта Ferroplan қоқыс өңдеу комбинатын және биогаз қондырғысын салу мүмкіндігін талқылады.  

Бүгінгі таңда Павлодар облысының Финляндиямен сауда-экономикалық қатынастары негізінен металды, қара металдан жасалған бұйымдарды, пештерді және басқа да құрал-жабдықтарды дәнекерлеу машиналары мен аппараттарын импорттау жағынан дамыған. Бұл өнім аймақтың келесі ірі кәсіпорындарына жеткізіліп отыр: Қазақстан электролиз зауыты, «Павлодар өзен порты» АҚ, «Kazakhmys Bozshakol LLP» ЖШС, «Молком-Павлодар». 2014 жылы сауда көлемі 9,4 млн. долларды құрады.

Қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру – «Жасыл экономика» концепциясы бағыттарының бірі. Ал бұл қуатты өнеркәсіптік орталық болып табылатын Павлодар өңірі үшін өте маңызды. Ferroplan компаниясы суды өңдеу және қалдықты материалдардың кең түрін өңдеу, сұрыптау және басқаруға арналған конвейерлік жүйелер бойынша тиімді шешімдер ұсынып отыр. «Ferroplan Oy» компаниясы Филиппинде, Вьетнамда, Қытайда және Ресейдегі түрлі эко-жобаларда ұзақ уақыттық тәжірибесі бар. Фин компаниясының бизнес-делегациясы қалдықтарды пайдалану жөнінде жасап отырған ұсыныстарының облысымыз үшін маңызы зор.

Сондай-ақ Павлодар облысында 100-ден астам инвестициялық жобалар, әзірленген бизнес-жоспарлар бар, оларды финдік компаниялар инвестициялай алады.

Оған қоса, Павлодар өңірі Орта Азия мен Шығыс Ресей арасындағы көліктік-логистикалық хаб ретінде қатысу мүмкіндігіне ие.

Аймақ басшысы финдік тарапқа күзде өтетін «Ертіс-Инвест» инвестициялық форумында тағы бір мәрте кездесіп, ынтымақтастықты бүге-шүгесіне дейін талқылауды ұсынды.  

 

Барлық жаңалықтар