• Басты
  • Жаңалықтар
  • Отандық тауар өндірушілерді қолдау аясында NADLoC 1,4 трлн теңгенің 927 меморандумына қол қойды

Отандық тауар өндірушілерді қолдау аясында NADLoC 1,4 трлн теңгенің 927 меморандумына қол қойды

17 Шілде, 2015 17:36
2015 жылдың бірінші жартысында отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған 927 меморандумға қол қойылды, деді «NADLoC» Ұлттық жергілікті қамтуды дамыту агенттігі» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Әділхан Арыстанов Strategy2050.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында.

«Мемлекеттік қолдаудың ең мықты түрлерінің бірі меморандумдар мен ұзақмерзімді келісімдер. Меморандум туралы айтатын болсақ, биылғы жылдың 30-қаңтары мен 6-ақпаны аралығында елдің барлық 14 аймағы мен республикалық бағыттағы қалаларында көшпелі мәжілістер ұйымдастырылды және оған Үкімет мүшелері қатысты. Осы мәжілістердің аясында 1,4 трлн теңгенің 927 меморандумына қол қойылды. Біздің агенттік осы меморандумдарға мониторинг және талдау жүргізеді. Біз олардың орындалуын бақылауымыз керек. Отандық тауар өндірушілермен, холдингтермен, ұлттық компаниялармен, жүйеқұраушы кәсіпорындармен жер қойнауын пайдаланушылармен 991 млрд теңгеге 6 мың келісім жасалды. Олардың орындалуы қазір 69,5 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін біз бұл межені 100 пайызға жеткізуіміз керек»,-деді А.Арстанов.      

Естеріңізге сала кетейік, агенттік қазақстандық өнімдерді сатып алу бойынша жергілікті атқарушы органдармен, ұлттық компаниялар мен өнеркәсіп кәсіпорындарымен меморандумдар жасау мақсатында өңірлік мәжілістер өткізу ісіне бастамашы болды.  

Отандық өнімдерді сатып алуға ниет білдіріп, меморандумдарға қол қойған компаниялардың арасында «Петро-Казахстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «СНПС Ай-Дан Мунай» АҚ, «Интерқұрылыс» ЖШС, «Абу-Сер» ЖШС, «Астана Сервис ЛТД» ЖШС, «Скейф Трейд» ЖШС сияқты ұжымдар бар.

Бұл компаниялар отандық өнім өндірушілермен арнайы киімдер әкелу, электронасос, темір бетон өнімдері, металпластика құрылғылары, сүт өнімдері сияқты өзге де тауарларды жеткізу бойынша меморандумдарға қол қойды.

Ботагөз Айтжанова

Барлық жаңалықтар