Ақмола облысында жыл басынан бері 5 мың 830 жұмыс орны ашылды

17 Шілде, 2015 16:03
2015 жылдың қаңтары мен шілдесі аралығында Ақмола облысында 5 мың 830 жұмыс орны ашылды, олардың 2 мың 899-ы тұрақты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбековтың айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінген.

«Құрылыстан бөлек «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасы жалғасатын болады. 2010-2014 жылдар аралығында аталмыш бағдарламаны жүзеге асырудың нәтижесінде 260 мың жұмыс орны ашылған. Бұл жұмыстарды жалғастыру үшін бюджеттен қажетті қаржы бөлініп те қойды. Сонымен қатар, 2015 жылы индустрияландыру желісі бойынша 75 нысанның құрылысы жоспарланған. Осы құрылыстар бойынша аймақта тағы 7,5-8 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде»,-деді ол.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша құны 650,1 млн теңге болатын 33 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Дәрігерлік амбулаториялар бойынша құны 484,6 млн теңге болатын 7 нысан салынып, олар бойынша 131 жұмыс орны ашылмақ. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша, 287 адамды кәсіпкерлік негіздеріне үйретіп, 163 адамды 489 млн теңге көлеміндегі несиемен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша, жастар тәжірибесіне -286, әлеуметтік жұмыс орындарына – 458, кәсіби оқуға 24 адам жіберілетін болады.      

Облыста жұмыспен қамту қызметтерінің көмегімен 3 мың 769 адам жұмысқа орналасқан. Қоғамдық жұмыстарға 2 мың 296 адам тартылды. Бұған қоса, 2 мың 370 азаматқа 28,3 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілген.   

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар