Ақмола облысының әкімі бірқатар аудандардың егінжайларын аралады (Фото)

15 Шілде, 2015 18:46
Облыс әкімі өзінің жұмыс сапары барысында Атбасар, Жақсы, Есіл аудандарында болып қайтты. Ол бұл жерде егістік алаңқайларында ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесіп, егінжайлар жағдайымен танысты, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Әр кездесуде астықтың бітік шығуы мен ауыл шаруашылығы дақылдарының өсу барысының маңыздылығы әңгіме арқауы болды.

Сондай-ақ, Есіл ауданына барған сапары барысында өңір басшысы құны 263 млн.712 мың. теңге тұратын 45 пәтерлі үйдің және құны 399 млн. 456 мың. теңге тұратын 73 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысының барысымен де танысты.  

Облыс әкімі аталмыш ауданда Мұңайтпасов, Мичурин, Пушкин көшелерінің ағымдағы жөнделуі барысын өз көзімен көрді. Облыстық бюджеттен осы мақсаттарға бас аяғы 50 млн. теңге бөлінген екен. Мұңайтпасов және Мичурин көшелерінде жөндеу жұмыстары аяқталған, ал Пушкин көшесі бойынша 38 млн. 750 мың. теңге игерілген.  

Сапар барысында өңір басшысы Есіл қаласын және осы күні ат басын тіреген облыстың өзге де аудандарын абаттандыру мәселесін күн тәртібінен мүлде түсірмеуді тапсырды. 

 

Барлық жаңалықтар