Шымкентте әуежайдың жаңа терминалы жобасы таныстырылды

15 Шілде, 2015 16:52
«Airport Management Group» атқарушы компаниясы Шымкент қаласындағы жаңа мультимодальды көлік орталығының жаңа жобасын жария етті, деп хабарлады «ҚТЖ» ҰК» АҚ.

Хабарламада айтылғандай, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Асқар Мырзахметов пен «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев қатысқан кездесуде «Airport Management Group» атқарушы компаниясының басқарма төрағасы Клод Бадан Шымкент әуежайының даму барысы туралы баяндады.  

«Жоба концепциясы бойынша жаңа терминал темір жол және автобус станциясымен ұштасады, және қазір іске қосылуға дайындалып жатқан көлік-логистикалық орталықпен де байланысады. Әуежайдың осылайша дамуы Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылғалы отыр», - делінген хабарламада.

Жоба екі сатыға бөлінген. Бірінші кезеңде аумағы 18 мың шаршы метрге жететін, өткізу мүмкіндігі сағатына 600 жолаушы болатын жаңа терминал салынады. Оның құрылысы 2016-2017 жылдарға қарай жоспарланған. Екінші кезеңде, терминал тағы 16 мың шаршы метрге кеңейеді, нәтижесінде сағатына 1200 жолаушыға қызмет көрсетіледі. Жаңа терминал аясында көлік-логистикалық орталықпен байланыса, әуе-логистикалық хаб дамуы мүмкін болады. Хабтың  уақытша сақтау қоймалары мен кедендік бақылау бекеті  орналасады. Шымкент қаласындағы жаңа терминал құрлысының нәтижесінде 2030 жылға қарай әуежайдың жолаушылар айналымы жылына 3 млн. адамға жетуі ықтимал. 

Оңтүстік Қазақстан облысында әуе айлағының дамуы, қала инфрақұрылымының жақсаруы оңтүстік өңірдегі жалпы экономикалық, әлеуметтік салаға оң әсер етері сөзсіз. Онымен қоса, жобаны жүзеге асыру барысында қосымша 1000-ға жуық жұмыс орны ашылады.

 «Airport Management Group» ( «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның еншілес компаниясы) пен Оңтүстік Қазақстан Облысының әкімдігі Шымкент қаласында жаңа терминал салу туралы меморандумға 2015 жылы сәуір айында қол қойғанын еске саламыз. Сол кезден бастап  AMG мамандары жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға және инвесторларды тарту жолдарын қарастыруға кіріскен.  

Жобаға қажетті инвестиция көлемі 164 млн. АҚШ доллары деп есептеліп отыр. Сарапшылардың айтуынша, инвесторлар тарапынан жалпы жобаға деген қызығушылық жоғары. Солардың ішінде Қазақстанның Даму Банкі тарапынан да қолдау табылады деген үмітте.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны жүзеге асыру жақтарын жіті қарастырып, жалпы серіктесе жұмыс істеу керек деген тұжырымдама жасады.  

 

 

 

Барлық жаңалықтар