• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР Жоғарғы Соты мен Венециялық Комиссия сот саласындағы ынтымақтастықты талқылады

ҚР Жоғарғы Соты мен Венециялық Комиссия сот саласындағы ынтымақтастықты талқылады

15 Шілде, 2015 09:52
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы А.Рахметулин құрамына Молдова Республикасының Әділет министрінің орынбасары Николае Ешану және тәуелсіз сарапшы Эльвира Талапина кіретін Еуропа Кеңесінің Венециялық Комиссиясының делегациясымен кездесті, деп хабарлады ведомство.

«Кездесу барысында тараптар «Орталық Азия елдеріндегі конституциялық сот төрелігін қолдау, сот төрелігіне қолжетімділік және сайлау реформасы» жобасының шеңберіндегі баяндаманы әзірлеу жөніндегі Венециялық Комиссияның бастамасын талқылады. Бұл жоба Еуропалық Одақ пен Финляндияның Сыртқы істер министрлігі тарапынан қаржыландырылған», - делінген хабарламада.

Орталық Азия елдерінің сот жүйесі туралы анықтамалық талдау баяндамасын әзірлеу зерттеудің негізгі мақсаты болып табылады. Талдауда аймақтағы елдердің сот жүйесінің, заңнамалық базасының ерекшеліктері, сондай-ақ соттар жұмысы туралы статистикалық деректер келтірілмек. Ақпарат кеңінен қолдануға бағытталған. 

Венециялық Комиссия сарапшылары сұрақтар тізімін әзірлеген. Оның шеңберінде сот жүйесі қызметі, соның ішінде сот органдарын кадрлық қамтамасыз ету, судьялыққа үміткерлері іріктеу және оларды лауазымға тағайындау процесі туралы бірқатар сұрақтар қарастырылған.

Талқылау барысында Жоғарғы Сот өкілдері Венециялық делегация мүшелеріне Мемлекет басшысы жариялаған «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарын іске асыру шеңберіндегі судья лауазымына үміткерлерді іріктеу тетіктерін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, судьялыққа үміткерлерге сот процестеріне қатысумен байланысты бес жылдық жұмыс өтілінің болуы, олардың кәсіби қабілеті мен дағдысын тексеру мақсатында ахуалдық тест жүйесін енгізу, шәкіртақы төлей отырып, соттарда бір жылдық тағылымдамадан, сондай-ақ бір жылдық сынақ мерзімінен өту жөніндегі міндетті талаптар енгізу мәселелері айтылды.

Сонымен қатар, әңгіме үш сатылы сот жүйесіне көшу, алқабилер соты қолданылатын салаларды, тергеу судьясының құзыретін кеңейту, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту және судьялардың жаңа этикалық кодексін жасау туралы өрбіді. Инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді, Жоғарғы Сот жанынан беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын халықаралық кеңес, сондай-ақ Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында AIFC Халықаралық арбитраждық орталығын құру мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Венециялық комиссия сарапшылары соттар қызметіне жаңа ақпараттық технологиялар енгізу жұмысымен танысты. 

Кездесу соңында тараптар осы сапардың тәжірибе, ақпарат және сот саласындағы жетістіктермен алмасу тұрғысындағы маңыздылығын атай келе, сот жүйесі бойынша ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге уағдаласты.  

 

Барлық жаңалықтар