• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Шаған елді мекенінде 3 мың бастық мал бордақылау алаңының құрылысы басталды

Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Шаған елді мекенінде 3 мың бастық мал бордақылау алаңының құрылысы басталды

15 Шілде, 2015 09:04
Мал бордақылау алаңы «Шаған жер» шаруа қожалығының иелігіндегі 30 га жерге орналасады, алаң айналасындағы 750 га жер инженерлік жүйеге келтіріліп, жүгері, жоңышқа, бидай егіліп, мал азығы дайындалады. Шаруашылық мал шаруашылығын дамытуға ең қажетті мал азығы жем-шөппен толығымен қамтамасыз етілген.

Мал ұстауға арналған бордақылау алаңының құрылысының салтанатты басталуына облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов қатысты.

«Облыстағы малдың басын көбейту, асыл тұқымды малдың әлеуетін жақсартып мал тұқымын асылдандыру арқылы бәсекеге қабілетті өнім өндіру бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің бірі. Елбасы Қазақстанды ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналдыруды тапсырған болатын. Осы межеге жету мақсатында үстіміздегі жылы, «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы аясында облыс бойынша 100 тонна ірі қара мал етін экспорттау жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігімен меморандумға қол қойылды», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Мал бордақылау алаңында өндірілетін ет өнімдері Қызылорда, Байқоңыр, Алматы қалаларын қамтамасыз етіп, сонымен қатар Ресей, Өзбекстанға да экспортталатын болады. Сондай-ақ, Қызылорда қаласындағы «Қызылорда ет-сүт өңдеу орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жұмыс жасалады.

Алдағы  уақытта  3 мың бас  мал  бордақылау  алаңын 5 мың басқа жеткізіп, мал сою аланың салуға шаруашылықтың  толық  мүмкіндігі  бар  және ет өнімдерін өндіру жобасы дайындалады. Аталған жоба бойынша материалдық техникалық жабдықтар: мұздатқыш, ет өңдеу кіші зауыты, атап айтқанда  шұжық, қалбырдағы ет шығаратын жабдықтар шаруа   қожалығының  өз есебінен  алынуы  жоспарлануда.

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар