ШЫҰ даму банкін құру мәселесін қарауда

14 Шілде, 2015 18:12
Шанхай ынтымақтастық ұйымы ұйымның даму банкін құру мәселесін қарауда, деп хабарлайды РФ Президентінің ШЫҰ жөніндегі арнайы өкілі, Ресейі СІМ-нің Азия және Тынық мұхиты ынтымақтастығы департаментінің директоры, Төтенше және Өкілетті елші Бахтиер Хакимов Астана мен Делиде бейнебайланыс орнауына байланысты өткен баспасөз мәслихатында.

«ШЫҰ аясында қаржы тетіктерін құру мәселесі күн тәртібінде ұзақ уақыттан бері тұр. 2004 жылы Үкімет басшылары даму қорын құру туралы шешім қабылдады. Бұл турасында түрлі идеялар мен түрлі тұжырымдамалар ұсынылды. 2010 жылы Қытай тарапы даму банкін құруды ұсынды.  Қырғызстан тарапы тамыз-қыркүйек айлары аралығында өз елінде Қаржы министрлері мен орталық банк басшыларының басын қосуды ұсынды. Бұл бастама қолдау тауып отыр. Ал оған қатысты нақты қандай шешім қабылданатынын алдағы уақытта көреміз»,-деді Б.Хакимов.

Оның сөзінше, қаржы тетігі қандай болатынын мамандар шешеді. Алайда, бұл тетік ШЫҰ-ның жобалық қызметіне сай болуы керек. Өйткені, ШЫҰ сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселесін қарастырып отыр, болашақта тіпті еркін сауда аймағы құрылуы да мүмкін.     

ШЫҰ 2001 жылы Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары бірлесіп құрған халықаралық ұйым. Оның басты мақсаты аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ оның аясында терроризм, экстремизм, есірткі саудасымен күрес, энергетикалық әріптестік пен экономикалық ынтымақтастықты дамыту сияқты өзге де бірқатар мәселелер қарастырылған..   

Анар Тәңірқұлова

 

Барлық жаңалықтар