«Технологияларды коммерцияландыру» аясында 20 компания 115 млн теңге тапты

14 Шілде, 2015 12:59
Білім және ғылым министрлігінің «Технологияларды коммерциализациялау» жобасы аясында 20 компания саудаға шығып, 115 млн теңге тапты, деп хабарлады «Технологияларды коммерциализациялау орталығы» ЖШС Бас директорының орынбасары Айзада Нұрлыбаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

«Біздің басты мақсатымыз теңдесі жоқ технологияларды олардың дайындығынан бастап, нарыққа жол тартқанға дейінгі үдерістерін сүймелдеп, қолдау көрсету. 2011 жылдан бері 1 мың 500 өтініш таңдап алынып, жоғары коммерциялық әлеуеті бар, құны 5,9 млрд теңге болатын 65 ғылыми жоба қаржыландырылды. Бүгінгі таңда 20 компания саудаға шығып, 34 келісімге қол қойылып, құны 115 млн теңге болатын 4 лицензиялық келісім жасалды. 180 млн теңге көлемінде инвестиция тартылды»,-деді А.Нұрлыбаева.

Оның сөзінше, бұдан да нәтижелі жұмыс істеу үшін ҚР Білім және ғылыми мнистрлігі CRDF Global азаматтық зерттеулер американдық қорының халықаралық консультанттарын тартты. 

«Бүгінгі таңда Астанада аталмыш компанияның 3 жетекші маманы тұрақты түрде біздің орталықта болып, қазақстандық ғалымдар мен технологияларды дайындаушыларға көмек көрсетуде»,-деп қосты ол.

Айта кететін мәселе, Технологияларды коммерциализациялау орталығының қызметі 2013 жылдан бері Қазақстан экономикасын инновациялық, ғылыми-техникалық негізде дамыту аясында жүзеге асырылуда.

Анар Тәңірқұлова

 

Барлық жаңалықтар