• Басты
  • ҚР Президенті ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық үрдісінің қатысуышларын тиімді әрі бірлесе жұмыс істеуге шақырды
13 Шілде, 2015 17:52

ҚР Президенті ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық үрдісінің қатысуышларын тиімді әрі бірлесе жұмыс істеуге шақырды

Астанада ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесіне дайындық бойынша кеңес өтті, жиын барысында Елбасы дайындық үрдісінің қатысуышларын тиімді әрі бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
ҚР Президенті ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық үрдісінің қатысуышларын тиімді әрі бірлесе жұмыс істеуге шақырды

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы көрме нысандарының құрылысы  бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, 2016 жылғы тамыз-қыркүйекте аяқталатынын айтты.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті көрмені табысты өткізу оның тақырыбының толық ашылуына, елдердің көбірек қатысуына, келушілерді тарта білуге, жаһандық серіктестермен, демеушілермен ойдағыдай деңгейде жұмыс жүргізуге байланысты екеніне тоқталып өтті. 

«Бұл орайда көрмені табысты өткізген елдердің – Португалияның 1998 жылғы Лиссабонда, Қытайдың 2010 жылы Шанхайда өткізген көрмесінің тәжірибесін зерттеу керек. Аталған елдерде ұйымдастырушылар барлық ұйымдастыру мәселелерін сауатты жүргізіп, нысандардың көрмеден соң пайдаланылу, оларды жалпы қаланың жүйесімен үйлестіру мәселелерін де қамтыды. Сонымен бірге қателіктерге жол бермес үшін мұндай көрмелер жұмысының Испанияның Сарагос, Оңтүстік Кореяның Ёсу қалаларындағыдай нашар болуының да себептерін түсіне білген жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев бүгінге дейін өздерінің қатысатынын тек 30 ел ғана растап, 5-еуі ғана комиссарларын айқындағанына назар аударды. Бұл ретте көрмеге қатысу туралы бірде-бір келісімшартқа қол қойылмаған.

«Мемлекеттік бюджеттің жинақталуының тетіктері баршаға белгілі. Егер біз шақырып отырған қатысушылар тиісті қаражатты әлі бөлмесе, олар мұны 2017 жылға қарай да жасай алмайды. Сондықтан шығыстарды жылдық жоспарға енгізулері үшін олардың келісімін алдын ала алу керек», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы осыған байланысты Сыртқы істер министрлігіне комиссармен бірлесіп, «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушылардан ресми растау келісімін алу ісін ұйымдастыруды тапсырды. Инвестициялар және даму  министрі Ә.Исекешевке, энергетика министрі В.Школьникке, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясына қатысушы елдермен жұмыс жүргізу кезінде олардың павильондарын, материалдарын қоюды ұйымдастыру, келушілерді тартуға мейлінше көбірек қаражат салулары үшін тақырыпты ашуға жағдай жасау мәселелерін нақтылау тапсырылды.

Қазақстан Президенті баламалы технологияларды қолдану саласындағы негізгі 20 елге ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Сонымен қатар көрмені ілгерілету және қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету үшін қаражат тарту аясында Қазақстанда жұмыс жасап жатқан ірі халықаралық компаниялардың әлеуетін пайдаланған жөн.

Нұрсұлтан Назарбаев елде және шет елдерде көрмені кең таныту арқылы келушілерді тарту саласында көп жұмыс істелуі тиістігін атап өтті.

«Бүгінде айқын коммуникативтік-медиалық жоспар жоқ, имидждік жұмыс мәселесі жүйелі түрде нақтыланбаған, барлық күш-жігер тек біржолғы іс-шаралар өткізуге бағытталған. Тек сауатты ойластырылған  стратегия ғана көрменің табысты өтуінің тағы бір көрсеткішіне – елге туристер тартып, 5 миллион адамның келуіне қол жеткізуге мүмкіндік туғыза алады», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ әлемдік қоғамдастықтың алдағы көрме туралы ақпараттандырылу деңгейі төмен екендігін атап өтті.

«Елдерді қатысуға шақыру үшін ірі экономикалық, туристік форумдарда, спорт шараларында, алдағы Давос форумында, Санкт-Петербург форумында, Астана экономикалық форумында көрме тақырыбы бойынша таныстырылымдар ұйымдастыру қажет. Бұл ретте қатысушылардың 85%-ы өз отандастарымыз болады, сондықтан біз әр өңірден қанша турист келетінін, олардың қалай жететінін, қайда орналасатынын білуге тиіспіз. Барлық қала және облыстар әкімдері қолдағы бүкіл ресурсты іске қосып, көрмені өткізудің қажеттігі мен мақсатын әр адамға ұғындыруы керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Премьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевқа, Инвестициялар және даму  министрі Ә.Исекешевке, сондай-ақ әкімдерге көрмені халықаралық деңгейде және ел ішінде насихаттау жоспарын әзірлеп, оны сапалы түрде іске асыруды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев келушілердің күн сайын өте көп болуы қаланың барлық қызметтері үшін айтарлықтай қиындық әкелетінін айтты.  

«Визалық қолдауды, кедендік рәсімдеулерді, қонақ үйлер, таксилер және ресторандар, жұмысын ұйымдастыруды қамтитын барлық сервистер мұқият пысықталып, өзара байланысты түрде әрі ең жоғары деңгейде көрсетілуге тиіс. Әсіресе, қызмет көрсетушілердің тілдік сауаттылығына ерекше назар аудару қажет», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевқа, ұлттық компанияларға әкімдермен бірге ел өңірлері халқының «ЭКСПО»-ға қатысуына тиісті жағдай жасау, квоталармен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Қазақстан Президенті «ЭКСПО-2017» көрмесін ілгерілету жөнінде туристік қоғамдастықпен арадағы жұмысты жандандырудың маңыздылығын атап өтті.

«Халықты жайғастыру орындарын, көлікті, логистиканы, жол бойы инфрақұрылымын дамытуды қамтитын өңірлік туристік бағдарларды нақтылаған жөн. Туристердің әртүрлі бағыттар бойынша Қазақстанның өзге де өңірлеріне бару мүмкіндіктерін алдын ала ойластыру керек. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына «Эйр Астана» және «Казақстан Темір Жолы» компанияларымен бірлесіп, ұшақ және теміржол билеттерінің көрмеге тегін бару құқығын қамтуы мәселесін пысықтауды тапсырамын, мұндай жұмысты өзге де авиакомпаниялармен жүргізген жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев мазмұнды мәдени бағдарламалар әзірлеу қажеттігін айта келіп, келушілердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі арнайы көңіл бөлуді қажет ететініне назар аударды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы көрменің пайда әкелуін қамтамасыз ету тақырыбын да қозғап өтті.

«Жария етілген Тіркеу досьесіне сәйкес, біз демеушіліктен, билет сатудан, тамақтандырудан, қызметтер көрсетуден 330 млн. евроға жуық кіріс алуды көздеп отырмыз. Бұл ретте жаһандық демеушілермен арада келісімдерге қол қою «ЭКСПО-2017» көрмесінің кірістілігі мәселесін оң шешу үшін басты мәселе болып саналады. Досье жоспары бойынша, біз тек демеушіліктен, соның ішінде «ЭКСПО»-ның жаһандық 8 серіктесін тартудан 200 млн. евродан астам қаражат табуға тиіспіз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті көрмеге әлемдік компанияларды тарту оның беделіне оң ықпал етіп, елімізге инвестициялар әкелетінін айтты.

«Бұл – көрменің танымалдылығы мен насихаты үшін үлкен демеу. Ол дүние жүзіне белгілі брендтерді әлемдік қоғамдастықтың есіне салып, көрмені әрбір құрлықта насихаттауға көмектеседі. Бүгінде Қазақстан  – экономикалық тұрғыдан тұрақты, инвестиция және ынтымақтастық үшін тартымды ел, бірақ егер құр әншейін күтіп отыра берсек, ешкім де келмейді. Бұл бағытта белсенді түрде жұмыс жүргізіп, қолдағы барлық ресурстарымызды пайдаланғанымыз жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне қатысты Нұрсұлтан Назарбаев әлемде көпшілік жұрт жиналған іс-шаралар кезінде орын алып жатқан оқиғалардың терроризм қаупін барған сайын өткір мәселеге айналдырып отырғанына тоқталды.  

«Елдің құқық қорғау органдары қазірден бастап алдын ала дайындалып, тиісті жоспарларын әзірлеуге тиіс. Күштік құрылымдар блогының бәрінің жұмысы үйлесімді болуы қажет. Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, «Сырбар» сыртқы барлау қызметіне көрмені өткізуге дайындықтың барлық кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бүкіл шараларын қабылдауды тапсырамын», –  деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы алдын ала оқытылатын волонтерлердің дайындығы сапалы болуы қажеттігіне назар аударды.

«Жаңа нәрселерді біліп, көптеген адамдармен кездесетін жастар үшін бұл қызық нәрсе. Бұл ретте волонтерлерді тек Астанадан ғана емес, барлық өңірлерден де іріктеп алу керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің халықаралық имиджі маңызды мәселе болып саналатынын атап өтті.

«Өте аз уақыт қалды. Барлық мемлекеттік органдар белсене, келісе отырып жұмыс істеуі керек. Үкіметке және кеңеске қатысушылардың барлығына алға қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Көрмені лайықты деңгейде өткізу керек. Бұл біздің қолымыздан келетінін білемін. Бүгінде жағдай жеңіл емес, біз Ұлттық қордан қаражат бөліп отырмыз, әр теңгені тиімді жұмсау қажет. Сондықтан еліміздің игілігі үшін бірлесе жұмыс жүргізген жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев компанияның салынып жатқан «Mega» атты  сауда-сауық кешенін «Жібек Жолы» (Silk Way) деп атауды ұсынды.

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды