ЕАЭО елдері 1 917 ГОСТ дайындауды жоспарлап отыр - ЕЭК

11 Шілде, 2015 14:31
Екатеринбургте «ИННОПРОМ-2015» өнеркәсіп және инновациялар форумы аясында Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Техникалық реттеулер жөніндегі алқасының мүшесі Валерий Корешков ЕАЭО аясында ең үздік деген халықаралық талаптар негізінде мемлекетаралық стандарттарды дайындаудың өзекті екендігін айтты, деп хабарлайды комиссияның баспасөз қызметі.

В.Корешковтың сөзінше, Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімге сәйкес, мүше-мемлекеттер стандарттау мен бірлік өлшемдері саласында келісілген саясат жүргізуде. Үздік халықаралық тәжірибелерге негізделген бірыңғай талаптарды қолдану, әкімшілік кедергілерді жойып, тауарларды нарыққа жеткізу процедураларын жеңілдетумен қатар өнімнің сапасын арттырып, бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Ал бұл өз кезегінде өнеркәсіп пен бизнес талаптарына толық жауап береді және ықпалдастықты одан әрі дамытудың негізі болып табылады.     

«ЕАЭО аясында техникалық реттеу мақсаттары үшін стандарттаудың өзекті деген бағыттары ауыл шаруашылығы, карьерлік, құрылыс пен жол техникасы тағам өнімдері мен ауыл шаруашылығы шикізаты, автомобильдер мен тракторлар, электромобильдерге деген талаптар, медициналық құрылғылар, дәрі-дәрмектер, құрылыс материалдары мен бұйымдары, химиялық өнеркәсіп пен өзге де бағыттар болып табылады»,-деп нақтылады ЕЭК министрі.

Ол сөзінде стандарттау саласындағы өңірлік даму үрдісі заңды екендігін атап өтті. ЕЭК одақ аясындағы 33 техникалық регламентке стандарттар тізімі бекітілгендігін айтты. Олардың қатарында мемлекетаралық және ұлттық құжаттар бар. ГОСТ мемлекетаралық стандарттарды қолдану басымдығы принципін қамтамасыз ету үшін комиссия бағдарламаларды дайындау мен оларды жүзеге асыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Бүгінде осындай 30 бағдарлама бекітілді, оның ішінде автомобиль жолдары мен жағар майлар бойынша бағдарламалар толығымен жүзеге асырылды.  

«Комиссия мен одақ елдері енді 1 917 ГОСТ дайындауды жоспарлап отыр, олардың 687-і халықаралық және өңірлік талаптарға негізделген»,-деді В.Корешков.  

 

 

Барлық жаңалықтар