Астананың орталық саябағы бір кеште Қазақ хандығы кезеңіне айналды (ФОТО)

11 Шілде, 2015 10:32
Астананың орталық саябағында жастар саясаты басқармасының қолдауымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған театрландырылған акция өтті. Айналасы бір сағаттың көлемінде көріністі ұйымдастырушылар елорда қонақтарын Жәнібек пен Керейден бастап, қазақтың соңғы ханы Кенесарыға дейінгі ел тарихымен таныстырды.

"Иә, баршаға мәлім, биыл еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткелі отыр. Осыған қарай елде жыл бойына түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Біз де осы ортақ іске өз үлесімізді қосуымыз қажет деп шешіп, 4 ай бойына бүгінгі көріністі дайындадық. Оған қатысушылар негізіненн Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының әртістері. Сөйтіп, біз бүгін Жәнібек пен Керейден бастап, Кенесары ханға дейінгі ел тарихынының театрландырылған көрінісін сомдадық",-деді Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының қоюшы-режиссері Болат Ұзақов.        

Өз кезегінде Астана қаласының Жастар саясаты басқармасының жетекшісі Талғат Рахманберді аталған шараның Қазақ хандығының қалыптасу тарихын насихаттау мен қазақтың әйгілі азаматтарының тұлғасын ашу және жастарды патриотизмге тәрбиелеуге бағытталғандығын атап өтті.   

«Іс-шараға тек кәсіби актерлер ғана емес, сонымен қатар өз өнерлерін Қазақ хандығының құрылу тарихы тарихы арқылы көрсеткілері келетін жас дарындар да қатысты. Меніңше, мұндай шаралар жастарды патриоттық сезімге баулу үшін аса қажет және бұл сезім өз тарихын білетін, оны қідерлеп, қастерлейтін, бағалайтын әрбір азаматтың бойында болуы керек. Біздің әрқайсымыздың осындай тарихымыз бар, біз сонымен мақтануымыз керек»,-деді Т.Рахманберді.

Айта кетейік, осындай іс-шаралар Астананың ашық алаңдары мен 9 саябағында жаз мезлігінің соңына дейін ұйымдастырылатын болады.  

Анар Тәңірқұлова

 

 

Барлық жаңалықтар