• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстандағы соттар жұмысына қанағаттанушылық деңгейі 71,3% құрайды - сарапшы

Қазақстандағы соттар жұмысына қанағаттанушылық деңгейі 71,3% құрайды - сарапшы

8 Шілде, 2015 12:54
Қазақстандағы соттар жұмысына қанағаттанушылық деңгейі 71,3% құрайды, деді құқықтық саясат зерттеу орталығының сарапшысы Назнүл Ерғалиева ОКҚ брифингінде.

 «Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, сот қызметіне сұхбаткерлердің қанағаттану деңгейі   71,3 % құрады», - деп мәлім етті  Н.Ерғалиева.

Оның айтуынша, талдау барысында қанағаттанушылықтың жалпы деңгейіне әсер ететін негізгі факторларға тараптардың аргументтерді толық қарастыруы (77,4%) және сотқа деген сенім (78,3%) көрсеткіштері кіреді. 

«Сот жұмысының сапасына, сот қызметтеріне қанағаттанушылық деңгейін өлшеуде біз әділ соттың тиімділік мәселелері жөніндегі Еуропалық комиссияның әдістемелік ұсыныстарын, соттарды жетілдіру бойынша халықаралық консорциумды басшылыққа алдық.    Бұл индикаторлар негізінен қысқарту есебінен зерттеу талаптарына бейімделген», - деп толықтырды сарапшы.

Жалпы, сот қызметін пайдаланушылардың қанағаттану деңгейін бағалау бойынша зерттеуге ҚР 193 аудандық және соған теңгерілген соттарда 12 206 сұхбаткер қатысты. Сауалнамалар 18 индикаторды өлшеу үшін 32 сұрақтан тұрды. 

Еске салсақ, Қазақстандағы Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасы Құқықтық саясатты зерттеу орталығы және Қоғамдық пікірді зерттеу орталығымен бірге Қазақстан соттарының қызметіне қанағаттанушылық мәселесі бойынша тәуелсіз зерттеу өткізген болатын.

Ботагөз Айтжанова

Барлық жаңалықтар