• Басты
  • Жаңалықтар
  • Н.Назарбаев: Қазақстан Үндістанның өңірдегі ең ірі әріптесі болып табылады

Н.Назарбаев: Қазақстан Үндістанның өңірдегі ең ірі әріптесі болып табылады

8 Шілде, 2015 12:01
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапарымен келген Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модимен кездесті, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады, соның ішінде сауда-экономикалық, инвестициялық, отын-энергетикалық, транзит-көліктік және басқа салалар бар.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Нарендра Моди өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті аспектілер бойынша пікір алмасты.

Мемлекет басшысы Қазақстан-Үндістан ынтымақтастығын ары қарай нығайту және кеңейтуге қажет әлеуеттің барын атап өтті.

«1991 жылы біз өз тәуелсіздігімізді жарияладық, алғашқы күннен бастап Қазақстан Үндістанмен жақын және сенімді қарым-қатынас орнатуға ұмтылып келеді. Мен сіздің сапарыңызға үлкен үміт артамын, ол сауда секілді, саяси ынтымақтастыққа да жаңа серпін береді деп сенемін. Бүгінде Қазақстан Үндістанның өңірдегі ең ірі әріптесі болып табылады. Сондай-ақ өзара қарым-қатынасты дамытудың да болашағы зор», - деді Қазақстан Президенті.  

Нұрсұлтан Назарбаевқа Үндістан Премьер-министрі жылы шырайлы қабылдауы үшін алғыс айтып, сапардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Н.Моди 1,2 миллиард адамнан асатын Үндістан халқының және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты өткен туған күнімен құттықтап, Қазақстан Президентінің көреген саясатының бүкіл ел халқына игілік әкелетініне сенім білдірді. 

Барлық жаңалықтар