• Басты
  • Жаңалықтар
  • Мәжіліс мүгедектердің құқықтарын қорғауға бағытталған заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс мүгедектердің құқықтарын қорғауға бағытталған заң жобасын мақұлдады

8 Шілде, 2015 12:13
ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында палата депутатары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі хабарлағандай, осы Заң жобасы Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 20 ақпанда қол қойған «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заңды іске асыру шеңберінде әзірленген.

Мүгедектерді әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру, оңалту қызметтерінің тиімділігін арттыру, ерекше қажеттілігін ескере отырып, олардың еңбек етуге, табиғи айналасына, көлікке, ақпарат пен байланысқа қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдау мақсатында Заң жобасымен 24 заңнамалық актіге, оның ішінде 4 Кодекске түзетулер енгізіледі.

Заң жобасында мыналар қарастырылған:Әлеуметтік, көлік инфрақұрылымының  қолжетімділігін қамтамасыз ету:вокзалдар мен әуежайларда кедергісіз орта құру, теміржол құрамдарын мүгедектерге қолжетімді вагондармен жабдықтау, көлік қызметкерлерін мүгедектермен қарым-қатынас жасау дағдыларына және оларға қызмет көрсетуге, оның ішінде ымдау тіліне үйрету, әуежайларда, теміржол вокзалдарында, әлеуметтік-мәдени объектілерде, сонымен қатар алаңдарда, даңғылдарда, көшелерде, орамдарда өзге көлік құралдарын қоюға болмайтын,  мүгедектердің арнайы автокөліктерін қоюға арналған тегін тұрақ орындарын бөлу және т.б.

Әлеуметтік сала (денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау) қызметтерін жетілдіру:медициналық көмек пен медициналық оңалтудың мүгедектерге қолжетімдігін қамтамасыз ету,медициналық-әлеуметтік сараптаманы жетілдіру, денсаулық сақтау субъектілерінің міндетіне профилактикалық жұмысты қосу, естуі бойынша мүгедектерге ымдау тілінің маманы ұсынатын қызметті ұлғайту, инклюзивті білім беруді ескере отырып білім беру стандарттарын әзірлеу, мүгедек балалардың инклюзивті білім алуын қамтамасыз ету, білім беру жүйесінің барлық деңгейіндегі оқу-тәрбие процесін мүгедектердің құқықтарына құрметпен қарай отырып жүзеге асыру және басқалар.

 

Барлық жаңалықтар