Ақтөбе рельс арқалық зауыты 38,9 МВт электр қуатын өндірмек

7 Шілде, 2015 17:12
Ақтөбе рельс арқалық зауытының өзіне тиесілі электр стансасы ашылды.Бұл құрылыс «Бизнестің жол картасы - 2020» және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасының аясында салынды, деп хабарлады облыстың ішкі саясат басқармасы.

Қазақстанда басқа мұндай зауыт жоқ. Ол жылына 200 мың тонна көлемінде темір жол рельстерін, жылына 30 мың тонна арқалық, арнайы бейін және т.б. шығарады. Зауыт «ҚТЖ»АҚ-мен қоса, өз өнімдерін Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан және басқа да елдерге жеткізеді.

Кәсіпорынға инженерлік инфрақұрылым тартуда 3,1 млрд. теңге сомасында мемлекеттік қолдау көрсетілді.  Жобаның жалпы құны 399,2 миллион АҚШ доллары. Қаражаттың 61,2 пайызын «Қазақстан даму банкі» АҚ 10 жылға дейінгі мерзімге берді.

Металл прокатын өндіру өте энергия сыйымды: орташа тәуліктік тұтыну 18 мегаватты құрайды, сондықтан жобада қуаты 38,9 МВт электр стансасын салу көзделді.

 «Электр стансасын енгізу кәсіпорынды электр энергиясымен қамтамасыз етіп қоймай, болат прокатын өндіруге шығынды азайтады, өңірдегі энергия тапшылығын шешуге өз үлесін қосады», - деді бас директор Андрей Кузьмин.

Электр энергиясының артығы - шамамен 20-25 МВт-ы өңірдің энергия жүйесіне беріледі. Стансада тікелей 18 жұмыс орны құрылады.

Электр стансасын салтанатты тапсыру рәсіміне Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғ. Есқалиев пен «Қазақстан даму банкі» АҚ өкілдері келді.

 

Барлық жаңалықтар