• Басты
  • Жаңалықтар
  • 2013 жылы Атырау облысының мыңнан астам мемлекеттік қызметкері қазақ тілі бойынша тестілеуден сәтті өтті

2013 жылы Атырау облысының мыңнан астам мемлекеттік қызметкері қазақ тілі бойынша тестілеуден сәтті өтті

21 Қазан, 2013 10:57
Ұлттық тестілеу орталығының нәтижесі Атырау облысы мемлекеттік қызметкерлерінің қазақ тілі бойынша білімдерінің жоғары екенін көрсетті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Тестілеуге жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардан барлығы 1068 қызметкер қатысты. Тестілеудің қорытындысы бойынша, жалпы Атырау облысы мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілді жақсы меңгергені байқалды», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, өзге облыстарға да мемлекеттік тілді енгізу жұмыстары жүргізілуде. Хабарламада айтылғандай, меншік түріне қарамастан, халықпен жұмыс істейтін барлық мекемелер қызмет түрін қазақ тілінде көрсетеді.

Қазақ тілі «Қазақтелеком АҚ Атырау облыстық филиалы, «Атырау» магистралді газ құбыры басқармасы, «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «Ембі мұнай-газ» АҚ, «Атырау мұнай өндіру зауыты» АҚ, «Тенгизшевройл» ЖШС секілді кәсіпкерліктерде кеңінен қанат жаюда.

Әкімдіктің мәлімдеуінше, 198 жалпы білім беретін мектептің 138-і тек қазақ тілінде білім береді. Орыс тілді мектептер саны 5 болса, қалған 55 аралас тілді мектептер. Алайда аралас тілді мектептерде қазақ тілі сыныптарына басымдылық берілген. 94 мың оқушының 74 мыңнан астамы (78,8%) қазақ тілінде білім алады.

Айта кету керек, әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша, түрлі дәрежедегі облыстың ересек халқының 97%-ы мемлекеттік тілді меңгерген.

 

 

Барлық жаңалықтар